Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылордада «Orda Ideas» жобасы басталды

Қызылордада «Orda Ideas» жобасы басталды

Kyzylorda-news.kz. «ORDA IDEAS» – Kun.kz диалог платформасы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бірлескен жобасы. Жоба аясында «ORDA IDEAS» өңірлік сарапшылар алаңы құрылып, тікелей эфир Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында өтті.

Өңірлік сарапшылар алаңының алғашқы шығарылымы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің «Оқуға құштар мектеп – Оқуға құштар ұлт» жобасын негізге ала отырып, «Интернет заманында кітап оқу өзектілігі өзгере ме?» тақырыбында өткізілді. Елге белгілі тұлғалар қоғамдағы маңызды мәселені талқыға салып, шешу жолдарын қарастырды.

Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Kun.kz диалог платформасының модераторы Мұрат Әбенов жоба барысында кітаптың құндылығы, елімізде осы бағытта атқарылған жұмыстар, шетел практикасы туралы сөз қозғап, білімді ұрпақ ұлттың жарқын болашағы екенін жеткізді.

«Қазіргі жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру – үлкен мәселе. Бірақ оны біржақты шеше алмаймыз. Қоғамдағы әр азамат бірлесіп шешу жолын қарастырғанда ғана нәтижеге жетуіміз мүмкін. Кітап оқу – бәсекеге қабілетті болудың негізі. Ел болашағы, оның жан-жақты дамуы білімді, сауатты адамдардың қолында», – деді Мұрат Әбенов.

Тікелей эфирде Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова, Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов ел тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітап оқу дағдысын қалыптастыру бағытында ұсыныс, пікірлерін айтты.

«Артық білім деген болмайды. Бірақ артық ақпарат, пайдасыз білімнен гөрі керек білімді алу жолында еңбектенген дұрыс. Көп кітап оқыған адамнан емес, қажетін саралап, керегіне жарата алған, шығарманың негізгі ойын түсінген адамның кеңесіне жүгінгенді жөн санаймын», – деді Наурызбай Байқадамов.

Эфирге ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, Әлем чемпионы, жастардың мотиваторы Илья Ильин онлайн қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Сондай-ақ, жобаға облыстық мәслихат депутаты, «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Абибуллаева, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, айтыс ақтаңгері, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов, С.Лапин атындағы №261 орта мектеп директоры Қарлығаш Әбдірахманова, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков, заңгер Мейірбек Даубалаев, №235 орта мектептің мұғалімі Уалихан Файзуллаев, рекрутинг орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов эксперт ретінде қатысып, тың идеяларын ортаға салды.

Көрермендер «ORDA IDEAS» жобасын «Facebook», «Youtube» желілерінде тікелей эфирде тамашалап, жазбаша сауалдарын жолдады.

Айта кету керек, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде кітап пен ғылыми әдебиет қоры жиі толықтырылып, интернет ресурстар қолжетімділігі жылдан жылға артып келеді. Ғылыми кітапхананың жалпы қоры 2 118 674 дананы құрайды. Негізгі білім беру бағдарламаларын жаңа басылымдармен, оқу және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету мақсатында республикалық және шетелдік баспалармен жұмыс жүргізіледі. 2020-2021 оқу жылында 5388 дана оқу құралы мен ғылыми әдебиет сатып алынды.

Ғылыми кітапхана ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұлттық жазылымы бойынша «Scopus/Sciencedirect» және «Web of Science» халықаралық деректер қорына қол жеткізе алады, сондай-ақ отандық ақпараттық ресурстардың деректер базаларын да пайдаланады.

«Университет кітапханасын заманауи кітаптармен қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі таңда ғылыми еңбек, көркем әдебиеттердің электронды нұсқасының болуына ерекше көңіл бөлудеміз. Біріншіден, электронды кітаптар қолжетімді. Екіншіден, білім алушылар оны кез келген уақытта пайдалана алатындықтан ыңғайлы. Бүгінде студенттерге «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген кітаптарды оқуға барлық мүмкіндіктер жасалды. Шетелдік кітаптарға келер болсақ, былтыр университетте корей бұрышы ашылды. Онда Кореяда шыққан ағылшын және корей тіліндегі кітаптар қойылды», – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Сондай-ақ, биыл 1 қазаннан бастап республикалық жоғары оқу орындары арасындағы электрондық кітапханамен, «ALEM BOOK» электронды кітапханасымен 5 жылға шарт жасалды.

Ал цифрлық кітапхана қалыптастыру және университеттің электрондық кітапханасын дамыту мақсатында «МегаПро» автоматтандырылған интеграцияланған кітапхана жүйесі сатып алынды. «МегаПРО» бағдарламасында университет кітапханаларына қажетті модульдер бар. Студенттер бағдарлама арқылы оқу процесіне қажетті әдебиеттерді сұрай алады.

Қызылордада алғаш рет «ORDA IDEAS» өңірлік сарапшылар алаңының өткізілуіне қалалық мәслихат депутаттары, «Қызылорда жарығы» холдингінің коммерциялық директоры Дархан Көшербаев, «Dalatex» тігін фабрикасының директоры Ділмұхаммед Абизов, «Нұр-Назар» ЖШС директоры Ердос Әбдісаттаров демеушілік жасады.
Айта кету керек, жоба алдағы уақытта да жүзеге асып, сарапшылар алаңында өзекті тақырыптар талқыланатын болады.


10 қараша 2021 ж. 139 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области