Қызылордада оқушылардың 99 пайызы дәстүрлі форматта білім алуда
Kyzylorda-news.kz. Биылғы жылдың 8 қарашасынан бастап білім беру ұйымдарында ІІ оқу тоқсаны дәстүрлі форматта басталды. Оқушылар арасында коронавирус инфекциясының таралу қаупін төмендету мақсатында қажетті шаралар тізбегі қабылданды. Дегенмен, облыс көлемінде мектеп оқушылары арасынан 0,16 пайызы инфекция жұқтырғаны расталды.
Қазіргі таңда оқушылардың 99 пайызы штаттық режимде білім алуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова хабарлады.
«Қазіргі таңда ауа райының күрт салқындауына байланысты оқушылар арасында тұмаумен ауырғандар саны көптеп тіркелуде. Бүгінде облыс көлемінде 924 оқушы тұмаумен ауырған. Олардың 70 -і емханада, 854-і үй жағдайында ем алып жатыр. Балалардың жағдайы жақсы, тиісті емдеу шаралары жүргізілуде», – деді басқарма басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.