Қызылордада 170 мыңға жуық оқушы мектепке барады
Kyzylorda-news.kz. 1 сәуірден бастап IV оқу тоқсаны басталады. Қызылорда облысы «жасыл аймақ» қатарында болғандықтан Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №5 қаулысына сәйкес, 1-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқиды. Оқытудағы ерекшеліктерді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова баспасөз брифингте баяндады.
«Соңғы оқу тоқсанындағы ерекшелік – 6, 7, 8, 10 сынып оқушылары мектепке барып оқып, мектептер 100 пайыз штаттық режимде жұмыс жасайтын болады. Оушылар негізгі пәндерді дәстүрлі, қалған пәндерді қашықтан оқи береді. Мәселен, музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәндерін оқушылар қашықтан оқи алады. Ал, дене шынықтыру сабақтарын таза ауада өткізу ұсынылды», – деді Ақзира Қасымова.
Айта кетейік, жекелеген пәндерді қашықтан оқыту мәселесін әр мектеп өзі дербес айқындайтын болады. Өңірде 1 сәуірде 301 мектептегі 169 883 оқушы мектепке барып оқуды бастайды.