Қызылордада 2022 жылдың шілде айында ПИК жұмысы толық тоқтайды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында 368 жай серіктестік, 12 меншік иелерінің бірлестігі құрылды. Бұл туралы бүгін қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Қала аумағында 815 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 684-не көпқабатты тұрғын үйге 17 басқару органы (ПИК/КСК) күтіп-ұстау қызметін көрсетіп келеді. Келер жылдың шілде айында ПИК жұмысы толық тоқтайды.
Жаңа заңнамаға сәйкес, тұрғындар заңды тұлға ретінде меншік иелерінің бірлестігін немесе барлық тұрғындар бірлесіп басқаратын жай серіктестік құруы қажет. «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасы негізінде әр үйдің тұрғындары ортақ қаржысын өздері басқарып, пайдалана алады.
Ағымдағы жылдың 6 қазанына дейін қала аумағында 368 жай серіктестік, 12 меншік иелерінің бірлестігі құрылды. атап айтар болсақ, Сәулет №8,10,11,12, Бегім ана №7, Бөкейхан №66, Жеңіс №104, Амангелді №109, Айтбаев көшелері №29, «Шұғыла» мөлтек ауданы №19.
Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін жұмысшы топпен 566 рет жиналыс өткізіліп, 580 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарына сауалнама парақтары мен түсіндірме ақпараттар таратылды.
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74 бабының 2-тармағына сәйкес, Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 5 санаты бойынша 25 538 отбасы кезекте тұр.
2020 жылдың қаңтар айынан 2021 жылдың мамыр айы аралығында тұрғын үй алу кезегінде тұрған адамдардың тізімін өзектендіру мақсатында кезектілік тізіміне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 73 бабына сәйкес, 2876 адам кезектен шығарылды.
Тұрғын үй алу кезек реттілігіне сәйкес, 2020-2021 жылдар аралығында мемлекеттік тұрғын үй қорынан 800 отбасына сатып алу құқығынсыз пәтерлер табысталды. 2021 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Отбасы банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы Қызылорда қаласы, Сол Жағалау тұрғын ауданынан 830 пәтер несиеге сатылды.
Айта кету керек, жекешелендіру процесі толықтай автоматтандырылған, www.gosreestr.kz веб-порталында электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы жүзеге асырылуда.