Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды
Kyzylorda-news.kz. Алматы облысының әкімі болып Қанат Бозымбаев тағайындалды.
Президент жарлығы Ақорда сайтында жарияланды.
«Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі лауазымынан босатылсын», – делінген ресми жарлықта.
Бұған дейін Алматы облысы әкімінің қызметін 2014 жылдың 20 тамызынан бастап Амандық Баталов атқарды. Баталов 22 қарашада 69 жасқа толды.
Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев 1969 жылдың 8 қаңтарында Алматы қаласында туған. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының «Экономикалық және әлеуметтік жоспарлау» факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы «Эдем ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде экономист болып бастаған.
1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің көмекшісі болды.
1998 – 2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мұнай және газ департаментінің басшысы болған.
2000 жылы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі;
2001 жылы «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті, 2001-2007 жылдары «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының президенті;
2007 – 2008 жылдар аралығында «Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы;
2008 – 2009 жылдар аралығында «KEGOC» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы;
2009 – 2013 жылдар аралығында Жамбыл облысының әкімі;
2013 – 2016 жылдар аралығында Павлодар облысының әкімі;
2016 – 2019 жылдар аралығында Энергетика министрі;
2019 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен (2005) және «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен (29.05.2019) марапатталған.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының еңбек сіңірген энергетигі.