Тарихи-мәдени ескерткіштерді цифрландыру жобасы жүзеге асырылды
Kyzylorda-news.kz. «Birgemiz: Asyl мura» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру мақсатында жарияланған шағын грант байқауында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті студентінің жобасы қолдау тапты.
Экономика және басқару кафедрасының аға оқытушысы Ағжан Карбозованың ғылыми жетекшілігімен Мұрат Төлеудің «Тарихи және мәдени жәдігерлерді цифрландыру» тақырыбындағы жобасы Қазалы ауданы, Қ.Пірімов ауылында жүзеге асырылды.
«Жоба нәтижесінде ескерткішке QR код тақтайшасы орнатылды. Бұл Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тек есімін ғана біліп қоймай, олардың фото, видеоларын өз ұля телефондары арқылы танып-білуге мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты – Қ.Пірімов ауылының тарихи-мәдени ескерткіштерінің дамуына үлес қосып, цифрландыру жұмыстарын жүргізу», – деді «Экономика және басқару» кафедрасының аға оқытушысы Ағжан Карбозова.
Бұдан бөлек жоба аясында жастарға ауыл көшелерінің аталу тарихы да насихатталды. Алдағы уақытта білім алушылардың ғылымға, білімге деген қызығушылығын одан әрі дамытып, қолдау мақсатындағы жұмыстар өз жалғасын табады.