Қызылордада «пәтер алып беремін» деген алаяқ әйел ұсталды
Kyzylorda-news.kz. Алаяқтың құрбаны болған жергілікті тұрғын Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне келіп арызданған. 53 жастағы азаматша өзінің арызында алаяққа алданғанын көрсеткен. Алаяқ әйел осы жылдың шілде айында «көп қабатты тұрғын үйлердің бірінен пәтер алып беремін» деп, уәде берген. Жұмыс ақысы үшін жәбірленушіден 1 млн. теңге ақша алған.
Бірақ көп ұзамай ақшаны алдап алған әйел телефон қоңырауларына жауап бермеген. Бүгінгі күнге дейін уәде етілген мәселесі шешімін таппағандықтан жәбірленуші полицияға арыздануға мәжбүр болды.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 48 жастағы алаяқ әйел қолға түсті.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Полицейлер оқиғаның мән – жайларын анықтауда.