Қызылордалық студент Қазақстан чемпионатының 7 дүркін жеңімпазы
Kyzylorda-news.kz. Орал қаласында каратэ шито-рюден балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Әсемгүл Ердәулет 55 кг салмақта ҚР чемпионы атанды.
«Отбасында ер балалардың ортасында өскендіктен болар, ата-әжем спортты жаныма серік етті. 8 жастан бастап денемді шынықтырып, үлкен спортқа дайындалдым десем де болады. Бүгінгі жеткен жетістіктерім – қалыптасқан әдеттер мен спортқа деген махаббатымның арқасы. Осының нәтижесінде Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатынан алтын медаль және Әлем кубогі маған бұйырды. Міне, кезекті жарыста жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионатының 7 дүркін жеңімпазы атандым. Болашақта нәзік те батыл қадамдарыммен елімнің абыройын асқақтата берсем деген ниетім бар»,- деді спортшы.
Оралда өткен жарыста чемпион 3 кездесу өткізіп, ақтық сайыста маңғыстаулық спортшымен белдесті. Қарсыласын 6-1 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Айта кетейік, Әсемгүл Ермекқызы 2003 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында 2-курс оқиды.