Әмір-Темір Хұсейін Жүсіпұлының 80 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтпек
Kyzylorda-news.kz. Қазақ өнері мен Сыр мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан өнер майталманы, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әмір-Темір Хұсейін Жүсіпұлының 80 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтпек. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының директоры Ғалым Баймырзаев хабарлады.
«Театрдың шығармашылық ұжымын бір арнаға тоғыстырып, сахналық өнердің толыққанды шығуына елеулі еңбек сіңірген Хұсейін Әмір-Темір Жүсіпұлының мерейтойына арналған «Сергек жас-80» атты театрландырылған концерттік бағдарлама 3 желтоқсан күні сағат 18:00-де және «Театр-тағдыр-тұмарым!» шығармашылық кеші 4 желтоқсан күні сағат 11:00-де театр сахнасында қалың көрерменге ұсынылмақ. Аталмыш кешке қазақ өнерінің майталманы Асанәлі Әшімов бастаған өнер иелері қатысады», – деді Ғалым Қонақбайұлы.
Әмір-Темір Хүсейін Жүсіпұлы өнердегі шығармашылық жолын 1967 жылы Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында әуелгіде артист, 1970 жылдан бастап режиссер болып еңбек етті. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақалды барша халық құрметтейді.
«80 жыл – бір ғұмыр. 1965-1967 жылдары Қарағанды және Қызылорда театрында актер болып қызмет жасадым. 1973 жылы тұңғыш рет театрда Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектаклін қойдық. Сол уақыттарда 40-қа жуық спектакль театр сахнасында қойылған болатын. Біздің қойылымдарымызды Мәскеуден келген сыншылар көріп, өздерінің жоғары бағасын берген еді. 1979 жылы Бүкілодақтық байқаудың дипломымен марапатталдық. Одан кейін де жеткен жетістеріміз көп болды. Жас актерлерге ұстаз болып шәкірт те тәрбиеледім. Мінекей, ғұмырымның жартысынан көбі театр сахнасында өтті десем артық емес», – деді Әмір-Темір Хүсейін Жүсіпұлы.