Қызылордада 16 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қымбаттады
Kyzylorda-news.kz. Облыста жыл басынан бері 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 16 өніміне баға жоғарыласа, 2 өнім тұрақты бағада қалды. Бүгінде тұрақтандыру қорында 1298,3 тонна өнім қоры бар. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары шекті мәннен асқан жағдайда оларға шекті рұқсат етілген бағаларды белгілеу шаралары қабылдануда.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеуеева мәлімдеді.
«2020-2021 жылдар аралығында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен айналым схемасы бойынша 17 кәсіпкерлік субъектісіне 1078,0 млн. теңге көлемінде қаржы берілді. Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында 1128,9 тоннаның өнімі облыс тұрғындарына арзандатылған бағада сатылды. Өнімдердің ішінде 6 азық-түлік тауарының бағасы бекітілген шекті мәннен яғни 15 пайыздан асқанына байланысты арнайы комиссия отырысы өткізіліп, күнбағыс майы – 781 теңге, пияз – 106 теңге, сәбіз – 221 теңге, картоп – 158 теңге, қант және құмшекер – 286 теңге мөлшерінде рұқсат етілген шекті баға белгіленді», – деді Айнұр Маратқызы.
Жыл басынан тұрақтандыру қорына – 100 тонна күріш, 205,2 – тонна қант, 200 – тонна пияз, 68 тонна қарақұмық жармасы, 100 тонна сәбіз өнімі сатып алынды. Шаһарда 33 әлеуметтік дүкен белгіленген бағада тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде.
«Облыстық бюджеттен тұрақтандыру қорына биыл 900 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1298,3 тонна өнімнің қоры бар. Оның 486,4 тоннасы бірінші сұрыпты бидай ұны, қарақұмық жармасы – 87 тонна, күріш – 140,8 тонна, макарон – 65,4 тонна, басты пияз – 200 тонна, сәбіз – 100 тонна, қант өнімдері – 218,7 тонна. Сондай-ақ, «Айналым схемасы» бойынша әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда ӘМАТ-тың 19 түрін қамтамасыз ету және белгіленген бағада сату үшін 14 кәсіпкерлік субъектісіне 1078 млн.теңге қарыз берілді. Бүгінгі күні барлық әлеуметтік дүкендерде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда. Мәселен, нан 55 теңгеден, қант 263 теңгеден, өсімдік майы 630 теңгеден, картоп 130 теңгеден, сәбіз 170 теңгеден, басты пияз 80 теңгеден, қырыққабат 80 теңгеден, 1 сортты ұн 135 теңгеден, қарақұмық жармасы 400 теңгеден, күріш 210 теңгеден, макарон 200 теңгеден, сиыр еті 1650 теңгеден, тауық еті 785 теңгеден, жұмыртқа 31 теңгеден, сүт 280 теңгеден сатылуда. Әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің бағасы нарықтық бағадан төмен болғандықтан, тауарларды көтерме сатып алу және қайта сату фактілеріне жол бермеу мақсатында шектеу енгізілді. Енді сатып алушы тауық жұмыртқасын – 10 данадан, қант – 2 кг, картоп – 3 кг, сәбіз – 2 кг, тауық еті – 2 кг, өсімдік майы 1 литрден беріледі», – деді «Байқоңыр ӘКК» басқарма төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметов.