ДАСТАРХАНҒА ӘР ҰЛТТЫҢ ДӘМІ ҚОЙЫЛДЫ
Туысқан ұлттардың ұясы саналатын «Достық» үйінде аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Сырдария ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігі мен Сырдария ауданының Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен түрлі ұлттардың ұлттық тағамдарын дайындаудан шеберлік сағаты өткізілді.
Бұл шеберлік сағатына 6 шебер аспаз қатысты. Қашанда бір шарасынан бір шарасы озып тұратын, тақырып таңдауда да тапқырлық танытатын «Сырдария ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұлмекен Жаналиева әр ұлттың тағамдарын дайындайтын аспаздарға ерекше талап қойыпты.
Шынында да шеберлік сағатына орыс ұлтының тағамдарын дайындап келген Ольга Потолова, татар ұлтының тағамдарын әзірлеген Александра Кокшарова, армян тағамдарын көпке таныстырған Светлана Князева, шешен дастарханын көрсеткен Любовь Махмурзаева, корей мен қазақтың тағамын дайындаған Мила Кан мен Ләззат Серікбаева қай ұлттың да дастарханы бай екендігін дәлелдеді. Сонымен қатар әр ұлттың өкілі шараға қатысушыларды өздері дайындаған ас мәзірімен таныстырды. Мұнда әрбір ұлттың қонақжай пейілі, дархан көңілі көрініс тапты.
Достық дастарханынан бір топ кент ардагерлері дәм татты. Олар достықтың тамыры тереңде екендігін, Отанымыздың кішкентай бөлшегі Тереңөзекте түрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатқанын әңгіме өзегіне айналдырды. Бұдан 50-60 жыл бұрын Тереңөзекте Қазақ, Базар, Жамбыл атты үш көше болыпты. Онда түрлі ұлт өкілдері көрші тұрып, балалары бірге ойнап, бауыр басып кеткен. Сол жерден «Достық» үйінің ашылғанын олар игілікке балайды. Ардагер С.Тоқсанбаев көпшілікке бата берді. Игі шараны кент ардагерлер кеңесімен Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы М.Келдібаев пен Ұ.Жаналиева қорытындылап, шеберлік сағатына қатысушыларға ескерткіш сыйлық табыс етті.
Ш.НҰРСЕЙТОВ