Қызылордалық кәсіпкерлер жаңа өнім түрлерін көбейтуде
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті.
Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев, салалық басқарма басшылары мен кәсіпкерлік саласындағы ұйым жетекшілері және жергілікті бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында аймақ басшысы жергілікті тауарөндірушілердің өнімдер көрмесімен танысты. Қызылорда қаласы және барлық аудан өнімдері арнайы сөреден орын тапты.
Кездесу барысында облыс әкімі пандемия қиындығына қарамастан кәсіп ашып, өңірде 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарының тиімді іске асырылуына және жаңа әрі сапалы жергілікті өнім түрлерін шығару ісінде белсенділік танытқан кәсіпкерлерге алғыс білдірді.
«Соңғы кездері облыста кәсіпкерлер балмұздақ, жантақ балы, шұжық, макарон бұйымдары, шоколад өнімдері, қауыннан жасалған чипсы, сиыр, жылқы, қой етінен консервілер, қарақұмық және күріш ботқасынан консервілер сияқты өнімдерді шығарып, оның халыққа қол жетімділігін қамтамасыз еттіңіздер. Мұнан бөлек, өнімнің кейбір түрлері бойынша облыстың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі ұлғайды, нақты айтқанда макарон өнімдері 3,8-ден 5 пайызға, шұжық өнімдері 0,3-тен 3,1 пайызға, кондитерлік өнімдер 2,1-ден 2,5 пайызға дейін өсті. Өз тарапымыздан кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасау шараларын қарастырудамыз. Ірі жобалармен қатар шағын және орта бизнестің де жобаларын іске асыруға бағытталған «Байқоңыр» аймақтық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметін толығымен қайта құрдық. Сәйкестендіру сертификаттары мен қажетті рұқсат құжаттарын алу бойынша жобаларға сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қызметі 5 жылға ұзартылды. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету мақсатында біз «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 2%-бен несиелендіру бағдарламасын іске қостық. Басты мәселе – сапалы жергілікті өнім шығарып, жаңа өндірістерді ашу. Сіздерді осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Бұрын Қызылорда облысын тек мұнай мен күріш арқылы таныса, енді жаңа өнімдерді шығаруды қолға алайық»,-деді облыс әкімі.
Айта кетейік, карантин кезінде кәсіпкерлерді қолдау бағытында бірқатар шаралар атқарылды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов бизнесті дамыту және өз ісін ашуға бағытталған жұмыстар барысын баяндады. Атап айтқанда, биылдың өзінде шағын кәсіпкерлікті қолдауға 34,6 млрд. теңге қаржы бағытталып, 3 мыңнан аса жоба жүзеге асырылды.
Өткен жылмен салыстырғанда қолдау көрсетілген жобалардың саны 2,4 есеге, ал несие портфелі 1,8 есеге артты. Басқарма басшысы бағдарламаға қатысушылар санының артуына несиелендіру шартының жеңілдетілуі және кейбір банктермен іске қосылған «скоринг» құралы оң ықпалын тигізгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бизнесті несиелендіру бағытында облыста 7 банктің филиалы жұмыс жасаса, биыл олардың қатары облыста «Альфа Банк» филиалының ашылуымен толықты.
Бизнес-қауымдастыққа көрсетілген жан-жақты қолдаудың нәтижесінде 2020 жылы облыста тіркелген кәсіпкерлердің саны 4,3 пайызға, белсенді кәсіпкерлердің саны 5,1%-ға артып, өңіріміз көрсеткіштердің өсу қарқыны бойынша республика көлемінде І орынды иеленді.
Сондай-ақ, кездесуде «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде аймақ басшысы ұсыныстарды саралай келе, қажетті жұмыстарды жүргізу үшін тиісті тапсырмалар берілетінін айтты.
Іс-шара барысында жергілікті кәсіпкерлер өз қызметтері туралы айтып, пікір білдірді. Мәселен, «ЛТД КАУ» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жансия Әлсейітова жартылай фабрикат өндірісін жүргізсе, «Қызылорда Сельхозпродукт» ЖШС директоры Константин Ким ет өнімдерін, ал «Сыздық ата» ЖШС директоры Ғабит Дүйсебаев асыл тұқымды мал өсіру мен ет өнімдерін шығарумен айналысуда. Сондай-ақ, «Аль-Асад» ЖШС директоры Тұрғали Шанкерей 20 жылдан астам уақыт бизнеспен айналысса да, 2 күн ішінде өтініш беріп, қажетті көмек алғанын Сыр өңірінде ғана орын алған ерекше жағдай екенін айтып, облыс әкіміне ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында бірқатар кәсіпкерлер өңір дамуына қосқан үлестері үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.