Әлеуметтік жауапкершілік, азаматтық парыз
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жергілікті бизнес қауымдастығы және жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өкілдерімен кездесті.
Аймақ басшысы алдымен жиынға қатысушыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, мерекенің ынтымақ пен бірлікті арттырудағы маңызын атап өтті.
«Бұл күндері халқымыз дәстүр бойынша қолдауға мұқтаж жандарға көмектескен. Наурыз мейрамының қарсаңында біз де тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын беруге тиіспіз», – дей келе, облыс әкімі кәсіп иелері мен мұнайшыларды ізгі іске атсалысуға шақырды.
Елімізде әлеуметтік саланы дамытуға әркез көңіл бөлініп келеді. «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасының қабылдануымен айшықталды. Бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрғындардың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталды. Осы орайда әлеуметтік мәселелерді шешуге республикалық бюджеттің 45 проценттен астам бөлігі жұмсалмақ. Қызылорда облысы бойынша бюджет қаржысының 60 проценттен астамы аталған саланы дамыту үлесінде.
Аймақ басшысы көпбалалы, көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі әрі азаматтық парыз екенін жеткізді.
«Шын мәнінде қолдауға зәру жандардың жағдайымен санасып, оларға демеу болу – бізге сын. Осындай сәттерде сіздер де қайырымдылық үлгісін көрсетіп, қолдан келгенше аянып қалмайды деп сенемін. Бұл жұмысқа барлық аудан әкімдігі де қосылады. Жергілікті кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің шараға белсене қатысуына бастамашы болуы қажет», – деді облыс әкімі.
Жиын барысында бизнес қауымдастық өкілдері, мұнай компанияларының басшылары бастамаға қолдау білдірді.