Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МАҚСАТКЕР САНДУҒАШ

МАҚСАТКЕР САНДУҒАШ


    Қазір форма киіп, шен таққан қыз-келіншектерді көрсек таң қалмайтын болдық. Мүмкін заман ағымы солай ма екен? Әйтеуір, қоғамдағы полиция қызметкері мамандығы тек ер жігіттерге тән деген бұрынғы ұғым бүгінде мүлде өзгерген. Әрине, құқық пен қоғамдық тәртіпті мызғымай күзету ісін меңгеру – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен әйел заты үшін оңай шаруа емес. Сөйте тұра, олар әйелге тән нәзіктілігі мен биязылығын жоғалтпай, ерлермен иық тірестіріп, тәуліктің қай мезгілімен де санаспай, өздерінің жоғары еңбек қабілеттерін көрсетуде.  
    Нақты кезеңде облысы Ішкі істер департаментінде қоғам тыныштығын қорғап жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Солардың бірі – кадр жұмыстары басқармасының психолог-инспекторы Сандуғаш Мырзахметова.
    Кейіпкеріміз қоғам тәртібін күзетуші ғана емес, ол – қамқор ана, адал жар, бір әулеттің ибалы келіні.
    Саналы ғұмырын сақшы қызметіне арнауға кез-келген адам тәуекел ете бермейді. Рухы биік, мақсаты айқын жан ғана ондай тәуекелге бара алады. Сандуғаш – мақсаткерлер санатынан. 2008 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін педагог-психолог мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін  ол Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығына жұмысқа орналасты. Алайда бір кездегі балалық арманы мұны Қазақстан халқына адал қызмет етсем деген түпкі мақсаты батыл қызды ақыры осы қиын салаға алып келеді. Сөйтіп 2011 жылы  Қызылорда облыстық  Ішкі  істер департаментінің кадр жұмысы басқармасына  психолог-инспектор болып қабылданады. Міне, осы салада талмай еңбек етіп жүргеніне 7 жылдан асыпты. Қызметкерлердің психологиялық ахуалын, эмоционалдық ерік-дағдыларын қалыпта ұстау, дағдарыстық жағдайлардың алдын алу – Сандуғаштың басты міндеті.
    − Ішкі істер саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің еңбегі зор. Себебі олар осындай қиындығы мол мамандықты алып жүрумен қатар отбасындағы береке-бірліктің ұйытқысы болып отыр. Бала тәрбиелейді, үйдің жұмысын жасайды. Сондықтан мен өзге әріптестерімнің қайсарлығының, табандылығының алдында басымды иіп, оларды әрқашан мақтан тұтамын, − дейді Сандуғаш.
    Отбасында Ғайни есімді қыз тәрбиелеп отырған Сандуғаш – болашақ жарын қызмет барысында кездестірген. Жолдасы Елдос Зиятов – Қызылорда облысы ішкі істер департаменті арнайы даярлық басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы. Полиция капитаны. Екеуі де бір салада қызмет етіп жүргендіктен бір-бірін ыммен түсініседі.  Әрқашан бір-біріне демеу болып, маңызды мәселелерде кеңесіп, болашаққа деген жоспарларын да бірге құрады. Олар үшін полицей абыройынан биік ештеңе жоқ, арнайы форманы ең әдемі әрі сәнді киім санайды.
    – Жыл сайын біздің департаментте қыз-келіншектердің мерекесіне орай  мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Сый-сияпат жасап, бізді ерекше құттықтайды. Біз үшін ол – үлкен құрмет. Әйел адам үшін өз ортаңда сыйлы, қадірлі, аяулы болғанға не жетсін! Сондықтан бүгінгідей шуақты мерекеде барша әріптес қыз-келіншектерді, аналарымызды, әже-апаларымызды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын! Шаңырақтарына бақ-береке, амандық, бірлік пен молшылық тілеймін, – деп әңгімесін жылы лебізбен түйіндеді.
    Еңбек ескерілмей қалмайды деген рас. Мырзахметова Сандуғаш ҚР Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ облыстық ішкі істер департаментінің Алғыс хатымен бірнеше мәрте марапатталған. Аталған марапаттардың бәрі қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, заңдылықтың бұзылуына жол бермей, құқық бұзушылықтармен күресуде кәсібилігін танытып, басшылық тарапынан жүктелген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындай білетіндігінің дәлелі.
    Ең маңыздысы, 2013 жылы аймақтың көшбасшы жастарына табысталатын облыс әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері атанады. Бұл да арманшыл жастың бір жеңісі екені даусыз.

07 наурыз 2018 ж. 600 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области