ҚЫЗЫЛОРДА ГАРНИЗОНЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ОФИЦЕР ӘЙЕЛ
Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Тәрбие және идеологиялық жөніндегі бөлімінің қызмет бастығы (психолог) майор Нейля Искакова өңіріміздегі алғашқы «офицер» шеніндегі әйел әскери қызметші.
Алғаш қызметтік жолын облыстық жергілікті әскери басқару органынан бастаған ол сан мыңдаған сарбаздардың әскер қатарында сап түзеуіне және әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайларын қадағаулау бағытында қажырлы жұмыстар атқарды.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде 10 жылдан аса қызмет атқарған Нейля Нәбиқызы ісінің білікті де білімді маманы. Қорғаныс министірлігі тарапынан бірнеше алғыстармен және медальдармен марапатталған.
Жұмыспен қатар, мәдени іс-шараларға да белсене атсалысып, патриотизм бағытын дамыту жолында да өзіндік үлесін қосуда.
Солардың бірі, өткен жылы өңірімізде алғаш рет 2000-ға жуық қыздардан құралған М.Мәметованың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мәншүк маршының» командирі болып Н.Искакова бастап, сап дайындығы жөнінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Рүстемовке баянат жасады.
- Қазіргі таңда Қарулы Күштеріндегі әйелдер әскери қызметтің қиын жағдайларына және үлкен жауапкершілікке қарамастан, ерлермен қатар жоғары басшылық лауазымдарды атқарады. Әйел адамының қызметте абыройлы болуы алдымен отбасындағы отағасының және балаларының үлкен қолдауы мен сенімінің арқасы. Себебі, жанұяның ұйытқысы және бала тәрбиесі әйелге тікелей жүктелеті рас. Дегенмен де, әскери қызметте жүрген біздер уақытпен санаспай, жұмыс атқарамыз. Егер әйел иығына погон тақса, онда ол өте жауапты тапсырмаларды орындайды. Сүйікті қызметіме қолдау білдіретін отбасыма алғысыз зор, – деді Нейля Искакова.
Қазіргі таңда әскерилер арасында үлгілі жанұя саналатын Н.Искакова сыйлы келін, сүйікті жар. Отағасы Руслан екеуі 4 қызғалдақты тәрбиелеуде.
«Қызылорда-ньюс»