АРАНДЫ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕГІ ЖАЙЫЛҒАН СУ ТОЛЫҚТАЙ ТАРТЫЛДЫ
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Қазалы ауданы, Аранды ауылындағы №97 орта мектептің ауласына жайылған суды арнайы техникамен толықтай тартып алды. Қазір облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мектеп аумағында арнайы тексеру комиссиясы жұмыс істеуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмат Ізбасар мәлімдеді.
Сонымен қатар, брифингке облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асқар Тулешов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов қатысты.
«Қазіргі кезде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес білім ордасының жағдайын тексеру үшін арнайы жұмысшы комиссиясы құрылды. Қорытындысын алдағы күндері белгілі болады. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстары да атқарылады, оқу процесі жалғасатын болады», - деді облыстық құрылыс, сәулет және қара құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмат Ізбасар.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов өз сөзінде №97 мектептің оқушылары көрші ауылдағы мектепте оқуын жалғастыратынын жеткізді.
«Аранды елді мекенінің оқушылары көршілес Қожабақы аулындағы 624 орындық мектепте білімдерін жалғастырады. Бүгінгі таңда, онда 300 бала бірінші ауысымда білім алады. Ал Арандының 98 оқушысы екінші ауысымда оқитын болады. Қазалы ауданының әкімдігі оқушылар мен мұғалімдерге арнап арнайы көлік бөлді», - деді Б.Бердәулетов.
Сонымен бірге, тұрмысы төмен отбасылардың балалары ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асқар Тулешовтің айтуынша, ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты, жауын-шашын, қардың еруінен су мектеп ауласына жайылған. Бүгінгі таңда су толықтай тартылды.
Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы С.Сермағанбетов және облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы О.Бержанов бастаған жұмыс тобы аймақтың солтүстік аудандарында су тасқынының алдын алу жұмыстарын пысықтау барысында Арандыдағы №97 мектеп аумағын су басты деген хабарламаға сәйкес оқиға орнына барып, нысанның жағдайын назарға алды. Комиссия мүшелері су алған аумақ пен мектеп ғимаратының жағдайымен танысты. Нысанға түскен сызат пен еденнің көтеріліп кетуіне байланысты бұл ғимаратта оқу процесін тоқтату туралы шешім қабылданды.