БАЛЫҚТЫҢ БЕРЕКЕСІ БЕС БАТПАН
«САРАТС-1» жобасының нәтижесінде Кіші Арал теңізі суға толды. Теңіз төскейіндегі жұрт ата кәсіпке қайта оралды. Нақты кезеңде Арал өңірінде жылдық қуаттылығы 18 мың 900 тоннаны құрайтын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасап тұр. Балық өнімдері алыс және жақын шет елдерге экспортталуда. Онан түсетін пайданың ел экономикасына еселі үлес қосып жатқаны қуантады.
Міне, бүгінде біздер өзіміздің жанымыз қалаған жұмысты жасаудамыз. Түскен шикізаттан түрлі өнім дайындайтын біздің кәсіпорын үшін бүгінде балықтың қоры да, өңделген өнімге сұраныс та молынан түсіп отыр. Демек, осы салаға мемлекет тарапынан жасалған қолдауды сезініп, өзгелер де өздерінің ертеңі үшін тырбынып еңбек етуі керек. Шындығында, соңғы жылдары еліміз тарапынан шағын және орта кәсіпкерлік саласына қолдау ерекше қарқын алып келеді. Соның ішінде біздің облыста бұл қолдау айқын сезіледі. Өйткені, экономиканың бүйірін қампайтып, бойына қан жүгіртетін осы кәсіпкерлік саласы. Содан болса керек, кешегі болған елмен есепті кездесуде облыс әкімі осы кәсіпкерлік саласына биыл аймақ бойынша 32 млрд. теңге қаржы бағытталатынын жеткізді. Бұл бұрын-соңды болмаған қолдау. Міне, біз осы мүмкіндікті пайдаланып, өзімізде өңделетін су маржандары арқылы өз өнімімізді брендке айналдыруымыз керек.
Рас, облыста басқа салаға қарағанда, қай уақытта болмасын кәсіпкерлер үшін қолдаудың жеткілікті екені байқалады. Сондықтан, берілген мүмкіндікті құр жібермей, тиімді пайдалану керек деп есептеймін.
Б.ПІРЕКЕЕВ,
«Қуаныш» ЖШС-нің директоры.