ТИІМДІЛІГІ МЕН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ АЙТЫЛДЫ
Қазіргі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ерекше айтылған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі теңіз төскейіндегі Арал қаласында өтті.
Естеріңізде болса бұған дейін «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Арал аудандық бөлімі «Электронды үкімет» порталын аудан тұрғындарына насихаттап, арнайы акция өткізген болатын. Міне, сол акция өзінің заңды жалғасын тауып отыр. Арал аудандық мәдениет үйінде аталған бөлім мен аудан әкімдігі бірлесе отырып «Электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алудың айқын артықшылықтары» атты семинар өткізді.
Семинардың түпкі мақсаты – «электронды үкімет» порталын аудан тұрғындарына кеңінен насихаттау. Онда аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрмұхаммет Омарұлы «Электронды үкімет» порталының тиімділігі мен артықшылықтары туралы айтып, мұны халық арасында кеңінен қолдану керектігін жеткізді. Ал «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті Арал аудандық бөлімінің басшысы Лаура Қолқанатқызы бөлімнің өткен жылдар ішінде атқарған жұмысын тұрғындарға таныстырды. Бұған қоса, барлық мемлекеттік қызмет түрлерін, яғни, ақылы қызмет, дербес несие есебін алу, «Казпочта» АҚ мен бірлесе отырып дайын құжаттарды үйіне жеткізу, «проактив» қызметі бойынша тарқатып айтты. Сондай-ақ, электронды үкімет порталын халыққа кеңінен насихаттады. Семинар аясында бөлімнің құжаттарды қабылдау жөніндегі маманы Ләйлә Ғалымбекқызы қатысушыларға ЛЭД экран арқылы онлайн түрде электронды цифрлы қолтаңбанының (ЭЦҚ) қалай рәсімделетінін көрсетіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинар соңында аудан тұрғындары «электронды үкімет» порталына байланысты сұрақтар қойып, сауалдарына тұщымды жауап алды. Сондай ақ, аудандық мәдениет үйінде «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» орналастырылып, тұрғындар өздеріне қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін алды. Ең бастысы, қатысушыларға электронды үкімет порталына байланысты сауланама жүргізілді.
Қызылорда-ньюс