ҚАЗАҚСТАНДА СУИЦИДКЕ БЕЙІМ 4 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА АНЫҚТАЛДЫ
Өңірлер әкімдіктеріне суицидке бейім жастарға арналған стационарлар құру тапсырылды. Бұл жайында депутаттық сауалға берілген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балалар мен жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқының алдын алу жөніндегі 2019 жылға дейінгі жол картасын дер уақытында әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға «тәуекел тобындағы» балаларды анықтау, суицидке әрекет жасаған балаларға сәйкесінше қолдауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Оның ішінде балалар күндіз болатын стационар жұмысын ұйымдастырып, жасөспірімдер суицидінің алдын алу мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын күшейту, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу жобаларын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен қаржы қаражатын қарастыру жүктелді», - делінген жауапта.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, ҚР Үкіметі жанындағы денсаулықты қорғау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесі отырысының хаттамасын орындау аясында кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бағдарламасын жүзеге асыруға 240 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Аталған қаражат Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы мен Астана қалаларының жергілікті бюджетінен бөлінген. Ал Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бағдарламаны енгізуді қаржыландыруға жергілікті бюджетте қаржы болмауына байланысты - кейінге шегерілді. Қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігі өңірлерде бағдарламаны қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім дайындады. Аталған құжат республикалық бюджеттік комиссия отырысында 2018 жылға арналған бюджетті нақтылау барысында қаралады.
«Аталған қаражат есебінен бағдарлама аясында 2427 педагог-психолог оқытылып, оның 2088-і білім беру ұйымдарының педагог-психологтарын оқытуға мүмкіндік беретін шебер жаттықтырушы сертификатын алды. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында 3 мыңнан астам педиатр, психиатр, нарколог және мектеп дәрігерлері оқытылды», - делінген вице-премьер жауабында.
Соңғы 2 жылда бағдарлама 2742 білім беру ұйымын, оның ішінде 2245 мектепті, 296 колледжді қамтыды. «Суицидке бейім жоғары тәуекел тобына» жататын балаларды анықтау мақсатында сауалнама өткізілді. Нәтижесінде тәуекелі жоғары 4412 бала анықталды. Оның 1470-сі білікті медициналық көмек алу үшін дәрігерлердің қарауына жіберілді.