ЖЕР ДҮНИЕНІ ЖЫЛУЛЫҚҚА БӨЛЕГЕН ӘЗ НАУРЫЗ
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Коммерциялық емес АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы – "Халыққа қызмет көрсету орталығы" департаментінің мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ұжымы алғашқылырдың бірі болып Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамын ұйымшылдықпен атап өтті. Осы күні қызметкерлер жұмысқа ұлттық киім киіп келіп, мереке сәнін келтіріп, мән-маңызын арттыруға тырысты.
«Біздің бөлім үш жыл бұрын облыс басшысының қатысуымен осы Наурыз мерекесінің қарсаңында ашылған болатын. Сондықтан біз бұл күні екі бірдей мерекені атап өтеміз. Әрине, жыл басы саналатын Наурыз мейрамының орны алабөтен. Бұл жолы да дәстүр бойынша мерекелік бағдарламаны қызықты етіп ұйымдастырдық. Мекеме алдындағы киіз үй тігілді. Қонақтарға арналған қазақтың ұлттық тағамдарына толы кең дастархан жайылып, қонақтар мен орталыққа келген әрбір адам ұжымға ізгі тілектерін айтты. Қызметкерлердің орындауында концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен түрлі байқаулар ұйымдастылып, жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат көрсетілді,» - дейді мамандандырылған бөлім басшысы Гулдана Рахметова.
Шара барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері дәріптелді. Бөлім қызметкері Рүстем Аягөзовтың ұлы Димаштың тұсауын кесу бас маман Жасұлан Абсултановқа бұйырды. Сәбидің алғашқы тәй-тәйіне «Өмірде жығылмай жүрсін, болашағы жарқын болсын!» деген ізгі тілектер айтылды. Сонымен қатар, жақында дүние есігін ашып, алғашқылардың бірі болып проактивті қызмет арқылы туу туралы куәлігін рәсімдеген тағы бір қызметкердің ұлына арнап «Бесікке салар» рәсімі өткізілді. Әрине, сыйға сый көрсетіліп, ырым-жоралғылары жасалды.
Осылайша, ұжымдағы мамандар өз өнерлерін ортаға салып, келген қонақтарды тәнті етті.