ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КОАЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ «ПРЕЗИДЕНТТІҢ БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАСЫНА» ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастырумен «Достық үйінде» Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманы талқылау мақсатында демократиялық күштердің облыстық коалицияның отырысы өтті.
Елбасының әлеуметтік бастамаларына қолдау білдіріп, алдағы атқарылатын жұмыстарды саралаған жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев Елбасы бастамаларының басымдықтарына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында халыққа арналған «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялады. Онда әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ, елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылды. Бұл әлеуметтік бастамалар барша қазақстандықтар үшін аса маңызды. Оны іске асыруды үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек, – деді Ибадулла Құттықожаев.
Жиында баяндама жасаған Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры, профессор Қылышбай Бисенов 5 әлеуметтік бастама халықтың игілігі үшін жасалған ұтымды жоба екенін атады.
- Үндеуде нақты мақсаттар қойылған. Бірінші бастамада әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру көзделген. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы жұмыс істейтін әрбір қазақстандық несиеге тұрғын үй алып, баспаналы болмақ. Бұл – әсіресе, жас отбасыларға жасалып отырған үлкен демеу, - деді Қылышбай Бисенов.
Сонымен бірге университет ректоры үшінші бастамаға айрықша тоқталды. Онда білім гранттарын бөлу арқылы жастарға мол мүмкіндік жасалып жатқанын жеткізді.
- Елбасы елімізде жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы да 20 мың мемлекеттік грант бөліп, жастардың жоғары білім алуына жол ашып отыр. Ал техникалық мамандықтар бойынша ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, роботтехнология және нанотехнология саласының мамандықтарына бакалавриат бойынша 11 мың грант бөлуге айрықша тапсырма берілді. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс бойынша бір білім алушыға белгіленген қаражат көлемі де 640 мың теңгеге жетті. Енді білім алушы жастарымыз үшін Елбасы үндеуінде колледждер мен университеттер жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салу керектігін тапсырып отыр. Бұл үлкен қолдау, - деді Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры.
Биылғы жыл аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды.
Бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыруда Елбасының «шағын несие беру» бастамасы көп септігін тигізбек. Бұл бағытта облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясов хабарлама жасады.
- Бұл шара, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды болмақ,- деді ол.
Елбасы ұсынған бағыттар ішіндегі жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасауды қарастыру бағытында Қызылорда облысы бойынша кірістер департаментінің «Талдау және тәуекелдер» басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров өз баяндамасында тарқата айтты.
Шара соңында аймақтық коалиция мүшелері Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына орай пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды. Және осы бастамаларды жүзеге асурға шақыратын Сыр тұрғындарына арнап Үндеу қабылдады.