КЕМЕРОВО ОҚИҒАСЫ БӘРІНЕ САБАҚ БОЛУЫ ТИІС
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Ресейдің Кемерово қаласында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты мәжіліс өтті. Онда аймақ басшысы тиісті сала және басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.
– Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылдың 25 наурызында Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» ойын-сауық орталығында орын алған өрт салдарынан 64 адам қаза болды. Қаза тапқандардың ішінде бүтіндей бір сыныптың оқушылары тіркеліп отыр. Олар өрт орын алған кезде кинотеатр залында қалып қойған. Мамандардың айтуы бойынша, қаза болғандар санының осынша көп болуына авариялық шығу жолдарының жабық болуы, өрт шыққан кезде автоматты өрт сөндіру жүйесінің жұмыс жасамағандығы, өрт шыққандығы жөнінде келушілер құлақтандырылмағандығы және адамдарды көшіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмегендігі себеп болған. Сонымен бірге, өрттің тез таралуы орталықтың тез жанғыш арзан құрылыс материалдарымен жабдықталуына тікелей байланысты екендігін атап өткен жөн. Осыншама адамның өмірін алып кетіп отырған бұл жағдай бәрімізге де сабақ болуы керек. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету сіздердің жауапкершіліктеріңізге байланысты, – деді облыс әкімі.
Жиында облыс аумағындағы көпшілік жиналатын орындардағы өрт қауіпсіздігі жағдайларын облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Төлешов баяндады.
– Облыс көлемінде төтенше жағдай департаментінде қазіргі кезде 5791 нысан есепте. Оның ішінде жоғары қауіптілік дәрежесі бойынша 1472 нысан жыл сайын тексеруден өтеді. Ойын-сауық орталығы біреу, яғни қаладағы «Жібек жолы» ойын-сауық орталығы, оған сауда үйлері мен базарларды қоссақ, 15 нысан бар. Өткен жылы осы нысандардың барлығына ерекше тәртіп бойынша жоспарлы тексеру жүргізілді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 11 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданып, 397826 теңге айыппұл салынды, – деді А.Төлешов.
Аймақ басшысы адамдар көп шоғырланатын нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына мониторинг жұмыстарын жүргізіп, нәтижесі бойынша проблемалық нысандарға қатысты заңнама аясында тиісті қатаң шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.
– Төтенше жағдайлар орын алған кезде іс-қимылдарды түсіндіру бойынша сабақтар өткізу ұйымдастырылсын. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы облыс аумағында салынып жатқан ойын-сауық, сауда орталықтарының құрылыс нормативтеріне сәйкес салынуын, оның ішінде шығу, кіру есіктері санының жеткілікті болуы, қолданылатын құрылыс материалдарының өртке төзімді болуын қатаң бақылауға алуы керек. Қала және аудан әкімдері облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, өз аумақтарындағы ойын-сауық, сауда орталықтарындағы қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауға алып, оларды құлақтандыру жүйелерімен қамтамасыз етілуін ұйымдастыруы тиіс. Облыстық білім, денсаулық сақтау, мәдениет және архивтер, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына өздеріне қарасты әлеуметтік нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді мәжілісте аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалыптасқан жағдайға байланысты халық арасында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Осы тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовке жүктелді.
Ш.БЕКБАН,