"ДАРЫН" МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫНА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын тағайындау бойынша байқау жариялады. «Дарын» мемлекеттік сыйлығы ғылым мен қоғамдық қызметте, шығармашылық және спорт салаларында жетістікке жеткен дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау, мадақтау мақсатында ұйымдастырылып келеді. Биылғы байқау эстрада, классикалық музыка, әдебиет, театр және кино, халық шығармашылығы, журналистика, қоғамдық қызмет, дизайн және бейнелеу өнері, ғылым және спорт номинациялары бойынша ұйымдастырылмақ.
Ел мерейін асқақтатып, Халықаралық және республикалық байқауларда жүлде алған түрлі саланың жеңімпаздары мен жүлдегерлер, түрлі шаралардың лауреаттары, қоғамды дамытуда әр түрлі жұмыстарымен дараланған 29 жасқа дейінгі жастар атаулы сыйлықты алуға үміткер бола алады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бойынша барлық жеңімпаздар «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанады. Сонымен қатар, арнайы дипломмен, төсбелгімен, ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Үміткерлердің құжаттары 2018 жылдың 1 тамызына дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ресми сайтынан алуға толықтай мүмкіндік бар. 2017 жылдан бастап атаулы сыйлықты жыл сайын тағайындау мәселесі жолға қойылып, осы жоспар аясында іс-шара биыл өз жалғасын табуда. Естеріңізге сала кетейік, жастардың еңбегін бағалау, олардың жұмыстарын насихаттай отыра жастарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған бұл жүлде 1992 жылдан бастап тағайындалып келеді.