МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ӘУЛЕТІ
Қызылордада «Мемлекеттік қызметшілер әулеті» тақырыбымен үздік бейнероликтен мемлекеттік қызметшілер арасында конкурс өтті.
Қызылордада мемлекеттік қызметке 20 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызметшілер әулеті» тақырыбында үздік бейнероликтен мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген конкурстың жеңімпаздары мен қатысушыларын салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді.
Іс-шараның мақсаты - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында облыстағы мемлекеттік қызмет династияларын таныстыру.
Конкурс нәтижесі бойынша жүлделі І орынды – Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиев иеленді. Келесі жүлделі орынды – Арал ауданы Жіңішкеқұм ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Мейрамбек Сатекеев алды. Ал ІІІ орын Қармақшы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Мұратбек Тұрғановқа бұйырды.
Департамент басшысы Абзал Мұхимов жеңімпаздарды марапаттау сәтінде өскелең ұрпақтың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып, отбасы мүшелерінің ізін жалғастыру, халыққа адал қызмет ету, мемлекеттік қызметті абыроймен атқаруды дәріптеу туралы және мемлекеттік қызметшілердің еңбектерін елеу мақсатында алда әлі талай іс-шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді.
Айта кетейік, конкурс 16-19 наурыз аралығында өтті. Оған қатысуға қалалық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерден 8 сұраным түсті. Мемлекеттік қызметшілермен өз отбасы туралы әңгімеленген бейнероликтер ұсынылды. Барлық бейнероликтер департаменттің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланып, жеңімпаздарды фейсбук жазылушылары ашық дауыс беру арқылы анықтады.
Конкурстың жеңімпаздары мен қатысушыларына грамоталармен естелік сыйлықтар табысталды.