ЖАҢА ОҚУЛЫҚТАР – БІЛІМНІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптардың білім беру процесінде алатын орны туралы баспасөз конференциясы өтті. Конференцияға Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев және Абылайхан атындағы жоғары колледж директоры Руслан Дүлдүл қатысты.
Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асырылған "100 жаңа оқулық" жобасының алғашқы нәтижесі ретінде 18 оқулық қазақ тіліне аударылды.
Жоба шеңберінде 800-ден аса оқулықтың тізімі жасалынды. «Ұлттық аударма бюросы» алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, алғашқы 18 оқулықты аударды. Бұл кітаптардың әрқайсысы 10 000 дана таралыммен басылып, еліміздегі оқу орындарына тегін таратылмақ.
"Аударылған оқулықтарды таңдауда алдымен, оқулық дүниежү¬зіндегі ал¬дыңғы қатарлы 100 университеттің бағдарламысында болуы; екіншіден, бұл оқулықтар кемінде үш рет баспа жүзін көруі тиіс болған. Ал таңдап алынған оқулықтардың алды он рет қайта басылып шыққан екен. Үшіншіден, соңғы үш жылда оқулық студенттер үшін де, оқытушы мамандарға да қажетті, таптырмас оқу құралы болуы керек. Демек заманауи талаптарға сай болмаса, ол оқулықтың қажеті шамалы деген сөз. Сондықтан, аударылып жатқан жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады",-деді Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев.
Ал, Абылайхан атындағы жоғары колледж директоры Руслан Дүлдүл жобаның 3 артықшылығы бар деп мәлімдеді.
«Жобаның 3 артықшылығы бар, біріншіден, қазақ мектептерінде аударма ісін дамыту. Екіншіден, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім беруді жаңғырту. Үшіншіден, қазақ әдебиеті ғылымын байыту», - деді Руслан Дүдүл.