ЛИМОН – ДЕНСАУЛЫҚ СУСЫНЫ
Диетолог-мамандар таза суға лимон тілімін қосып ішуге кеңес береді. Ол ағзаның дұрыс жұмыс жасауына әрі бет терісін жақсартуға септігін тигізеді.
Лимон тілімдері қосылған суды диетологтар «Денсаулық сусыны» деп атайтын көрінеді. Мамандар бұл сусынды күнделікті тұтыну иммунитетті ғана жақсартып қоймай, ұмытшақтық аурудан, анемия сынды дерттерден дер кезінде арылуға көмектесетінін анықтады.
Лимон қосылған қайнатылған жылы су бауыр, өт, бүйрек ауруларының алдын алуға ықпал етеді. Өт жолында құм мен тастың жиналмауына септігін тигізеді. Ағзаны зиянды қалдықтардан арылтады. Ол қан құрамындағы токсиндерді жойып, терідегі пигментті дақтар мен безеу, секпіл, әжімнің түсуіне жол бермейді. Сондай-ақ, лимон құрамындағы магний, калий мен С дәрумені ми, жүрек және жүйке жүйесі жұмысын жақсартып қоймай, қан қысымын бір қалыпқа келтіруге көмектеседі.
Күнделікті таңертең аш қарынға қабылданған лимон қосылған су жүйке жүйесінің жұмысын бір қалыпқа келтіріп қоймай, бойға күш-қуат пен сергектік сыйлайды. Күйзеліс, көңілсіздіктің болмауына ықпал етеді. Жаздың аптап ыстық күндері бұл шырын шөлден құтқарса, қыстың күні жанға жылулық пен күш сыйлайтын қасиетке ие.
Ол үшін қайнаған 1 литр ыстық суға лимон тілімдерін салып қойыңыз. Суыған кезде аз мөлшерден қабылдай бастаңыз. Кейін қабылдау мерзімін жиілетеңіз. Сондай-ақ, қалауыңыз бойынша, бұл шырынға 1 шай қасық бал немесе жалбыз жапырағын қосуға да болады.
Дайындаған Ақтолқын СЕЙІТЖАППАР