СЫР ӨҢІРІ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ
«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», – деген еді Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында.
Сананы жаңғырту жұмысы мәдени жадқа, символикалық, киелі және мәдени-тарихи заттарға негізделуі тиіс. Киелі жерлер немесе рухани қасиетті орындар – халықтың рухани дәстүрінің тірегі. Қазақстанда мұндай орындар көп, олардың кейбіреулері әлемдік деңгейдегі жауһарлар болып табылады. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ұлттық нышандарды, қазақстандық ұлттық бірегейліктің каркасын анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, «киелі белдеудің» объектілері туризм индустриясы үшін өрлеу нүктесіне айналады.
«Қазақстанның киелі географиясын» құрас¬тырған кезде негізгі үш элемент – әр қазақс¬тандықты «Қазақстанның мәдени-географиялық белдігіне» қатысты танымдық дайындау, БАҚ-тың ақпараттық-үгіттеу жұмысын ілгерілету бойынша жүйелік тәсілдемесі, ішкі және сыртқы мәдени туризмнің халықтың символикалық мұрасымен шоғырлануы еске¬ріледі.
«Қазақстанның киелі жерлерінің география¬сы» − Елбасының Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында жасалған ауқымды жоба. Жобаны үйлестіруші – Мәдениет және спорт министрлігі, яғни орындаушы – Ұлттық музейдің жанынан құрылған «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны жүзеге асыру барысында осы уақытқа дейін еліміз бойынша киелі жер ретінде 100-ден аса нысанның тізімге алынатындығын, оның ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар тізіміне енген тарихи және мәдени ескерткіштердің бар екенін айтты.
Бүкіл еліміз бойынша «Киелі жерлер географиясы» ретінде 500-ге жуық нысан белгіленбек. Оларға археологиялық және сәулет ескерткіштері, ерекше құрметтелетін діни нысандар, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты киелі жерлерді картаға кіргізу көзделуде.
Ең алдымен киелі нысандарды іріктеудің өлшемдері болуы тиіс, сондай-ақ, оларды жобаға кіргізу үшін әдістеме жасалу қажет. «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы – діни жоба емес. Сондай-ақ, таза ғылыми жоба деп те айтуға келмейді. Өйткені, жобаның саяси жағы да бар. Санамызды дамыту үшін, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру үшін жұмыс атқару керек. Бұл бізге сырттан келіп жатқан жат идеологияларға қалқан болып тұру үшін қажет.
Жобаны жүзеге асыру барысында насихат жұмыстарына көңіл бөлініп, оның ішінде кітаптар шығарылып, мерзімді баспасөздерде материалдар жарияланып, бейнероликтер түсірілетін болады. Сондай-ақ, бүкіл Қазақстан бойынша ұйымдастырылған экспедициялар бүгінде бірнеше облысты қамтыды.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асырудың негізгі қағидаларының бірі – кең көлемді кешенді зерттеу жүргізу, материал жинақтау. Биыл елімізде алты бағыт (Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс) бойынша ғылыми-зерттеу және дала экспедицияларын өткізу жоспарланған.
Қызылорда облысында мыңдаған тарихи-мәдени ескерткіштердің бар екенін ескерсек, олардың әрқайсысының тарихы, өзіндік ерекшелігі мен құндылықтары бар. Елбасы киелі жерлердің картасы туризмге де жұмыс жасау керектігін айтты. Сол себепті, киелі жерлердің ең белгілісін және болашақта туристік нысандар мен маршруттарға айналатын ескерткіштерді қамту керек. Сонымен қатар, өлкеміздің киелі орындарын көрсеткенде табиғи байлығымыздың ерекшеліктерін атап өту маңызды. Мысалға, Қаратау сілемдері, Сырдария өзені мен олардың көне сағалары, Қызылқұм құмды массиві, Қамбаш көлі және аты әлемге мәлім Арал теңізі және т.б. киелі нысандарымыз қасиетті жерде орналасқандығы баршамызға мәлім.
Біздің аймақ шығыстан батысқа қарай созыла орналасқандықтан, киелі орындарды тақырыптық топтарға бөліп бірнеше картасын жасауға болады. Оларды аралауда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолы үлкен маңызға ие. Бұл болашақта өлкеміздің туризм саласының дамуына әсерін тигізері сөзсіз.
Сыр бойының киелі жерлерінің тақырыптық экскурсиялардың технологиялық карталарын 4 ауданға – Қызылорда-Қаратау бағыты, Қызылорда-Қызылқұм немесе «Құм басқан өркениеттер» бағыты, Қызылорда-Жетіасар-Қорқыт ата, Қызылорда-Арал теңізі бағыты деп бөліп қарастыруға болады. Осы бағыттар бойынша өлкеміздің қола дәуірінен бастап бүгінге дейінгі аралықпен мерзімделетін киелі (қасиетті) орындары енгізілді. Әрине, картаға барлығын қосу мүмкін емес, бірақ, осы маршруттар барысында көптеген қосымша нысандарды қамтуға болады.
(жалғасы бар)
Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ
«Археология және этнография»
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі,
тарих ғылымдарының кандидаты