Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖАРҚЫН ЖҮЗІ ЖҮРЕГІМІЗДЕ

ЖАРҚЫН ЖҮЗІ ЖҮРЕГІМІЗДЕ

Ұлы Отан соғысы басталып, неміс басқыншылары елімізге басып кіргенде бейбіт өмір сүріп жатқан Кеңес Одағының халқы бір кісідей жұмыла Отан қорғауға аттанды. Солардың бірі – менің әкем Кенже Қаймақбаев.
  Қаншама дарын иелері өсіп-өнген Қармақшы өңірінің тумасы Кенже Қаймақбаев 1912 жылы Түпбөгет, қазіргі Алдашбай ахун ауылында дүниеге келді. Бала жасынан анасынан айырылып, 1925 жылға дейін әке тәрбиесінде болған әкем өсе келе ауылдағы мектепте сауат ашқан соң, 1926 жылдан 1928 жылға дейін Қазалы кентіндегі балалар үйінде оқып білім алады.
  Содан кейін 1928-1930 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы теміржол училищесінде білімін жетілдіре жүріп, әрі өндірісте жұмыс істеп, VІ разрядты слесарь және паравоз машинисі мамандығын игереді. 1930-1934 жылдар аралығында Қармақшы аудандық «Екпінді» газетінде хатшы, сонымен қатар, паравоз машинисі болып еңбек етеді.
  Өзінің журналистік қабілетімен танылған әкем 1934 жылдан 1938 жылға дейін Қызылорда қаласындағы «Большевиктер жолы» газетінде жауапты хатшы, редактор, ал 1938 жылдан 1942 жылға дейін Алдашбай ахун мен Тұрмағанбет ауылдарындағы мектептерде мұғалім, директордың орынбасары, директорлық қызметтерін атқарған.
  1943 жылы ол соғыс комиссиараты арқылы әскерге шақырылып, Ташкент қаласындағы әскери училищеде дайындықтан өтеді. 1943 жылдан №345 гвардиялық атқыштар мен №24 әуе десанты бригадасы құрамында сержант шенінде бөлімше командирі болып, Ресей, Украина, Беларуссия, Польша, Венгрия және Чехославакия елдерінің көптеген қалалары мен селоларын неміс басқыншыларынан азат етуге қатысады. Сұрапыл соғыста көрсеткен ерліктері үшін көптеген әскери марапаттарға ие болады. Сондай марапаттардың арасында Кеңестер Одағы әскерлерінің Бас қолбасшысы, генералиссимус И.В.Сталиннің 1945 жылғы 24 наурыздағы №306 бұйрығымен әкеміз 11танкалық дивизиясы сапында Венгрия мемлекетінің астанасы Будапешт пен сол елдің 5 қаласын және 350 елді мекенді жаудан азат еткені үшін Алғыс хатымен марапатталады.
   Сонымен қатар, әкеміз «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», «Вена қаласын жаудан босатқаны үшін» және «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
  Әкем соғыста от пен оқтың ортасында жүріп коммунистік партия мүшелігіне қабылданып, туған елінің патриоты ретінде өзінің ерлікті істерімен өзге жауынгерлерге үлгі көрсетеді.
 Елімізде Ұлы Отан соғысы аяқталғанымен әкем соғыс салдарынан қираған қалалар мен селоларды қайта қалпына келтіру жұмыстарына қалдырылып, елге 1946 жылы оралады.
  Ол туған елге қайтқан соң өзінің соғысқа дейін атқарған қызметін қайта бастайды. Яғни, өңірімізде білім саласын нығайтуға белсене атсалысып, көптеген шәкірттер тәрбиелейді.
 Ардақты анамыз, тыл ардагері Балқия Нұржаубайқызымен отбасын құрып, Жүрсін, Тұрымбет және Боранкүл есімді перзенттерін тәрбиелеп өсіреді.
  Білікті ұстаз Қ.Қаймақбаев кейін келе мектеп директорының орынбасары, директорлық қызметтерді абыроймен атқарып, елге елеулі азамат атанады.
  Ел алдындағы ерен еңбектері үшін көптеген марапаттарға, оның ішінде «Үздік еңбегі үшін» медалімен, біренше рет облыстық, аудандық партия және атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталады. Сонымен қатар, аудандық және облыстық, республикалық салалық, партиялық конференцияларына делегат болып қатысса, бір рет Жосалы кенттік Кеңесіне депутат болып сайланады.
  Зейнеткерлік жасқа толған соң құрметпен демалысқа шықты. Әкем сұм соғыс жылдарында алған жарақатынан 1983 жылы 61 жасында дүниеден озды.
 Міне, өздерінің бар саналы ғұмырларында туған елінің болашағы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен ата-анамның арқасында мен бүгінде бақытты өмір сүрудемін. Отау құрып, бала сүйдім, немере бағып отырмын.
 Әке-шешемнің маған берген тәлім-тәрбиелері мен өсиеттері әр кезе жадымда сақтаулы. Олар менің көзімнен мәңгі ғайып болғандарымен, жарқын жүздері әрдайым жүрегімде.

Боранкүл КЕНЖЕҚЫЗЫ,
Қармақшы ауданы
09 мамыр 2018 ж. 628 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области