ХҚКО ҰЖЫМЫ ҰОС АРДАГЕРЛЕРІНЕ СЫЙ-СИЯПАТ КӨРСЕТТІ
Ұлы Жеңіс күні еліміздің тарихындағы ең құрметті мерекелердің бірі. Осы ретте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ХҚКО департаменті Отанға деген адалдық мен азаматтықтың, қайсарлықтың белгісіне айналған тұлғаларды ерекше бағалайды.
Ұлы Жеңіс 73-жылдығы мерекесі қарсаңында департаменттің барлық бөлімшелерінде салтанатты жиындар мен мерекелік шаралар легі бастау алды. Жылдағы дәстүр бойынша халқымызға азат өмір сыйлауға атсалысқан соғыс ардагерлерін келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, ұжымының атынан сый-сияпат көрсетілді.
Өз кезегінде ардагерлер өздерінің өмірлік тарихымен бөлісіп, сұрапыл соғыс жылдарындағы қиыншылықтар мен бірге жүрген қаруластарының ерліктері туралы айтты.
Сонымен қатар, ХҚКО мамандарының атқарып жатқан қызметтеріне үлкен абырой мен табыс, елдің бірлігі мен амандығын, барлық Қазақстан халқына бейбітшілік өмір тілеп, соғыс ешқашан болмасын деп ақ батасын берді.
Шиелі ауданы тұрғыны Байжанұлы Сәрсенбек 1923 жылы 9 мамыр күні бұрынғы «Үлгілі», Нартай Бекежанов атындағы колхоздың «Мыңбұлақ» деген жерінде, Қаратаудың етегінде туылған.
1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинградтың солтүстік батысында, Магеллан жерінде көзінен, қолынан, аяғынан мина оғының жарықшағынан жарақат болып, бір жылдай госпитальда емделіп, екінші топтағы соғыс мүгедегі болып ауылға оралады. Елге оралған соң еңбек майданына араласты. Талай жыл мектепте ұстаздық қызмет атқарып, зейнетке шықты. Жары Жамиля апа екеуі отбасында бес кыз, бес ұл тәрбиелеп өсірген. Қазір 35 немере, 30 шөберенің ортасында бақытты қарттығын қарсы алып отыр.
Өнегелі өмірі көпке үлгі қарт майдангер ХҚКО мамандарына рахметін айтып, батасын берді.