ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 37 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫС АРДАГЕРІ МЕН 5726 ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІ БАР
Облыс әкімі Ұлы Отан Соғысының ардагері Бөрібай Құлмановтың үйіне барып, келе жатқан Жеңіс Күнімен құттықтады.
Бөрібай Құлманұлы 06.06.1920 ж. Сырдария ауданында дүниеге келген. 1941 жылы Москва түбіндегі Калин майданында Ржев, Волга өзенінің бойында Петровка елді мекенін жаудан босатуда ауыр жарақат алған. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Еңбек Қызылту», «Құрмет» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Аймақ басшысы ардагермен әңгімелесіп, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Өз кезегінде, Бөрібай Құлманұлы да қонақтарға ризашылығын білдірді.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, мереке қарсаңында мемлекеттік орган басшылары соғыс ардагерлерін аралап, құттықтайды.
Ертең, 3 мамыр күні аймақ басшысы барша ардагерлерге мерекелік дастархан жайып, құттықтайды. Ал 9 мамыр күні облыс орталығы мен аудандарда «Жасампаз жасақ» шеруі мен «Мәңгілік алау» мемориалдарының жанында салтанатты митинг ұйымдастырылады.
Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге облыстық және жергілікті бюджеттен 422,3 млн. теңге қаражат бөлінген, оның ішінде:
37 - Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне - 192400 теңгеден (80 АЕК);
82 - Ұлы Отан Соғысы жылдарында жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін КСР Одағының ордендері мен медальдарымен наградталған адамдарға - 120250 теңгеден (50 АЕК);
5382 - Ұлы Отан Соғысы жылдарында кемінде алты ай қызмет еткен адамдарға 72150 теңге (30 АЕК) мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.