ҚЫЗЫЛОРДАДА «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ
1 наурыз күні «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалында ұйымның құрылғанына 19 жыл толуына және «Ризашылық күні» мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті.
Облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев «Нұр Отандықтарды» мерекемен құттықтады.
«Нұр Отан» партиясы алғашқы құрылған күннен бастап тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдауға ұйытқы болып қана қоймай, елмен етене қайнасып, халықтың мүддесін қорғайтын бірден-бір қоғамдық ұйымға айналды. «Нұр Отан» бүгінде өзін халықтық партия екенін сөзбен ғана емес, тындырымды ісімен де дәлелдеп келеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да ел игілі үшін аянбай еңбек етуіміз қажет», - деді аймақ басшысы.
Дәл осы күні «Нұр Отан» партиясына қабылданған 11 адам партия билеттерін алып, партияның 9 белсенді мүшесіне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Білім беру саласының ардагері, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі Гүлнар Уәлиева барлық қатысушыларды Партия күнімен және Ризашылық күні мерекесімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Партияның жаңа мүшелерінің атынан «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы Нағымжан Сауяев және Байқоныр аудандық іскерлік палатасының кеңесшісі Асылхан Жолашов сөз сөйледі.
Сондай-ақ, салтанатты жиын барысында партияның белсендісі, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің оқытушысы Марат Сүгірбай партиясының әнұраны саналатын «Елім менің» әнін орындады.