ӨҢІРЛІК ПАРТИЯЛЫҚ КАДРЛАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІ СЫНАЛУДА
«Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партияны жаңғырту бағытында берген тапсырмасына орай өңірлік партия филиалдарын аттестациялау басталды.
Бірінші болып Қызылорда аймақтық филиалының қызметкерлерінің біліктігі сыналды. Партия Хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов арнайы Сыр өңіріне барып, Қызылорда облыстық партия филиалы қызметкерлерін аттестациялаудан өткізді.
Қызылорда облыстық партия филиалы бойынша аттестациялауға 41 азамат қатысты.
Жалпы, қызметкерлерді аттестациялау тестілеу және сұхбаттасу кезеңдерінен тұрды. Тестілеу ақпан айының 5-7 аралығында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің тестілеу орталығында ұйымдастырылды. Тестілеу екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қызметкерлердің нормативтік құжаттар бойынша білімдері тексерілсе, екінші кезеңде жеке қарым-қабілет деңгейі анықталды. Нәтижесінде тестілеуге қатысқан 41 қызметкердің 2-уі тиісті межеден өте алмады.
Мұнан бөлек 12 ақпан күні барлық 41 қызметкер арнайы тақырыпта эссе жазды. Соңғы сұхбаттасу кезеңін «Нұр Отан» партиясының хатшысы, аттестациялау комиссияның төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов жүргізіп тиісті шешім шығарды.
– Аттестациялаудың негізгі мақсаты қызметкерлердің кәсіби деңгейін анықтау. Партиялық жаңғыру бағытында жасалып отырған бұл жұмыстар алдымен Орталық партия аппараты қызметкерлерінен басталды. Өңірлерден бірінші Қызылордада өтіп отыр. Жалпы, аттестациялау қорытындысы қызылордалық партия қызметкерлерінің деңгейі жоғары екендігін көрсетіп отыр, - деді партия хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов.
Ескерту: Аттестациялау ережесіне сәйкес жұмыс өтілі 35 жылдан асатын және 6 ай толмаған партия қызметкерлері аттестациялаудан босатылады.
«Нұр Отан» партиясының жаңғырту бағытында өңірлік партия филиалдарында жүріп жатқан аттестациялаудың қорытындысы бойынша кейін толық ақпарат жарияланатын болады.