«ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА» ЭКСКУРСИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА
Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Сыр елі және ХХІ ғасыр» ҚҚ-ның ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында «Тарих толқынында» атты танымдық экскурсия жалғасын тапты.
Экскурсия барысында балалар Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы «Көркемсурет» галереясын, Қонаев көшесінде орналасқан Қорқыт Ата ескерткіші мен Жібек жолы көшесінің бойындағы «Сыр сүлейлері» аллеясына барды.
Балалар әуелі «Көркемсурет» галереясында болып, «Қожықовтар қолтаңбасы» көрмесін тамашалады. Өлкетанушы Гүлнәр Рамазанова балаларға тың деректер айтып, Лятипа Қожықова және оның атақты суретші ұлдарының қолынан шыққан 70-тан астам туындының ерекшеліктеріне тоқталды.
Ләтипа Мұңайтпасқызы Қожықова облыстық қазақ драма театрында қойылған спектакльдердің киімдерін дайындаған тұңғыш маман. Астананың Алматыға көшірілуіне және жаңа музыкалық театрдың ашылуына байланысты ол, Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлова, О.Ненашев, Е.Брусиловский сынды сахна тарландарымен қатар алғашқы қазақ опералары «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Шұға», «Ер Тарғын», «Жалбыр» және басқа да алғашқы қазақ операларының қойылымына қатысады. Кейіннен Абай атындағы академиялық опера және балет театрында костюмерлік және киім тігу цехтарының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Оның қолынан мыңға тарта опера театрының костюмдері шыққан. Ал өмірінің соңғы жылдары Л.Қожықова қазақ ою-өрнек өнерінің фольклорлық қорын жасауға белсене араласқан. Қазір оның жұмыстары Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Будапешт және Вашингтон музейлерінде сақтаулы. 1944 жылы тіккен ер адамның ұлттық киімін қазақ үкіметі АҚШ президенті Ф.Рузвельтке сыйға тартқан деген деректер де бар. Осылайша, көптің ықыласына бөленген Л.Қожықованың қолынан шыққан киімдер көрме барысында оқушылар назарын да өзіне аударды. Ал ұлдары Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтардың суреттеріне деген жиналғандардың қызығушылығы ерекше болды. Шараға Сәуле Құлахметқызы қатысып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Естелік суреттерге түсті.
Одан соң оқушылар «Қорқыт ата» ескерткішіне барды. Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы Эльвира Жәнібекова желмаясына мініп, жиһан кезген Қорқыт баба жайлы деректер айтты. Одан соң «Сыр сүлейлері» аллеясына келген оқушылар аймағымыздың сүлейлері жайлы ақпаратқа қанықты. Көптеген тарихи деректерге қанығып, рухани азық алған оқушылар күнделікті көріп жүргенімен қаламызда осынша құнды жәдігердің барын шара барысында сезінгендей болды. Қаламыздағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия оқушысы Эльмира Жорабек:
- Бүгінгі экскурсия қатты ұнады. Әсіресе, Сәуле Қожықовамен кездесу керемет әсер сыйлады. Біздің дүниетанымымыз кеңейе түсті. Экскурсияны ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз, - деп, аймағымыздың киелі орындарын аралауға ұсынысын білдірді.
М.ҚОЖАХМЕТОВА,
Аймақтық «Рухани жаңғыру»
орталығының маманы