ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП ПЕН БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 300 орындық мектеп пен 50 орындық балабақша ашылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы барып, әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты.
Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде Ү.Томанов атындағы №183 мектептің ашылуы өтті.
Облыс әкімі мектеп қызметкерлері мен оқушыларын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2020 жылға дейін білім салысына қатысты 3 міндет қойған болатын: үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою және 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Үшеуін де Қызылорда облысы мерзімінен бұрын орындады. 2015 жылы үш ауысымдық мектептерді түбегейлі жоюға қол жеткіздік және 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың үлесі басым екенін айту керек. Бүгінгі күні балабақшалардың 66 пайызы мемлекеттік-жекеменшік негізінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2016 жылы экономикалық күрделі ахуалға қарамастан біз апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін толықтай шештік. Біздің дарынды да қабілетті балаларымыз осындай шалғай елді мекендердегі мектептерде де бар екендігіне шүбәміз жоқ. Жақсы оқып, муғалімдердің сенімін ақтауларыңызға тілектеспін», - деді аймақ басшысы.