ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚАРЖЫ БӨЛУДЕН АЛДАМЫЗ
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлімдеді.
– Жақында ғана өңіріміздің тыныс тіршілігімен танысу үшін іс-сапармен Елбасы аймағымызға келіп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Сапар барысында Елбасы сырбойылық жастармен, яғни, спорт саласында жетістікке жеткен және білімді өрендермен кездесіп, Тәуелсіз елдің болашағы – жастардың, жас мамандардың талабына, армандарына жету жолындағы ынта-жігерлеріне ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының ұрпақ болашағы үшін білім саласының алдына қойған 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, үш ауысымдық білім беруді болдырмау, апатты мектептер орнына жаңа мектептер құрылысын салу жөніндегі негізгі үш тапсырмасы Қызылорда облысында мерзімінен бұрын толықтай орындалды, - деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы.
Сонымен қатар, биыл апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі толығымен шешілді. Балабақшалардың 71 пайызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс жасауда. Соңғы 4 жылда мұндай балабақшалар саны екі есеге артты.
Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында бүгінде 452 түлек грант негізінде білім алуда.
Баспасөз конференциясында жастар ресурстық орталықтарының жұмысы да айтылды. Биыл құрылған орталық пен ҚР Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры бірлесіп жастармен жұмыстың жаңа моделін қалыптастырды. Қызылорда қаласының сол жақ жағалауында демеушілердің есебінен салынып жатқан «Жастарға қызмет көрсету орталығы» 2018 жылы «бір терезе» қағидатының талаптары негізінде, жастарға бір орыннан коворкинг қызметтері шоғырланады.
Денсаулық саласы да қарқынды дамуда. Осы жылы «Денсаулық» бағдарламасын орындау аясында медициналық ұйымдардың медициналық техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші 45,19% -дан 73,4% -ға дейін өсті.