КҮНШІЛДІКПЕН КҮРЕСУДІҢ 5 ӘДІСІ
Күншілдік қайдан туындайды? Бір түрлі естілсе де, ол «сияқтыдан» пайда болады. Мысалы, сізге біреудің өмірі керемет сияқты көрінеді. Оған бәрі жеңілге түседі деп ойлайсыз. Алайда ол шынымен де солай ма? Біреудің өмірінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Бірақ біз оның орнында болып көрген жоқпыз, біз оны тек сырттан көре аламыз. Осыдан күншілдік туындайды. Күншілдік болған жерде, автоматты түрде күйзеліс жағдайына түсесіз. Сондықтан күншілдікпен күресудің 5 әдісін ұсынамыз.
1-ұсыныс. Ай туралы ұмытпаңыз
Қазіргі заманды әлеуметтік желідегі өмірдің кезеңі десе де болады. Әрине барлық адам бірдей емес, бірақ көпшілігінің әлеуметтік желіде ойластырылған және нақты жоспарланған өмірі бар. Кез келген адам әлеуметтік желідегі адамның керемет өмірін көріп, еріксіз қызыға кетеді. Сіз өзіңіздің проблемаларыңызды ойлап басыңыз ауырып жүргенде, ол әр суретте күлімсіреп, жетістіктерін салып, бақытты екенін айтып жатады.
Бірақ ол сізге тек көрсеткісі келген нәрсені ғана жариялайды. Ол бизнесін сақтап қалу үшін түнімен ұйықтамайтындығын, уақыттың тығыздығынан отбасында болып жатқан жағымсыздықтарды немесе басқа да проблемаларын көрсетпейтіндігін ескеріңіз. Сондықтан суретке қарап, біреудің өміріне қызығып, өзіңіздегі күншілдік сезімінің оянуына жол бермеңіз. Есте сақтаңыз, кез келген адам Ай секілді – сіз оның басқаға көрсеткісі келетін жағын ғана көресіз.
2-ұсыныс. Өз өміріңізді жоғалтпаңыз
Басқа біреудің өміріне үңіле беріп, зейін фокусыңыз араласып, өз өміріңізге мән бермей кетесіз. Сол үшін энергияңыз, күшіңіз және ішкі қорыңыз керек жерге кетпейді. Сондықтан әлеуметтік желідегі біреулердің демалысын қарап, көре алмай отыра бергеннен, өз өміріңізді қолыңызға алыңыз.
Егер біреудің жұмыс мансабына қызықсаңыз, өз мамандығыңыз бойынша қосымша курс оқыңыз немесе сол салаға байланысты кітаптар оқыңыз. Егер біреудің дене бітіміне қызықсаңыз, спортпен айналысуды, залға жаттығуды қолға алыңыз. Уақытыңызды шынымен де сізге қажет дүниеге бөліңіз.
3-ұсыныс. Өзіңізді кешегі сізбен салыстырыңыз
Өз бастамаңызды біреудің ортасымен салыстырудың қажеті жоқ. Өзіңіздің жетістіктеріңізді ойлаңыз. Мысалы, былтыр жалақыңыз Х болса, биыл ол 2Х өсті. Ол тек қаржылай емес, оған біліміңіз, ой-өрісіңіздің дамуы секілді рухани құндылықтарды да жатқызуға болады.
4-ұсыныс. Күншілдікті өз қорыңызға айналдырыңыз
Мысалы, біреудің дене пішініне қызығып, тәтті торт жеп, көңіл күйіңізді түсіріп, отыра берудің қажеті жоқ. Оны көре алмаудың орнына, онымен теңесуге тырысыңыз. Яғни, осы күншілдік сезімін сізге қажет қорға, мотиваторға айналдырыңыз. Табысты болғыңыз келсе, сондай адамдардың өмірі, қызмет жолы туралы оқып, керегін өзіңізге алып, біліктілікті жоғарылату курстарына барыңыз. Бір орында отырмаңыз, барлық жерден дамудың мүмкіндігін іздеңіз.
5-ұсыныс. Өзіңіздің мүмкіндігіңіз бен шектеуіңізді қабыл алыңыз
Жоғарыда айтқандай, адам біреуге бәрі жеңілге соқты, жолы болды деп ойлай бастағанда, күншілдік пайда болады. Біреу бай отбасыда өмірге келсе, басқасы туғанынан қанша тамақ жесе де, артық салмақ қоспайды.
Біреу байға күйеуге шықса, басқасына жұмыспен жолы болды. Бұлай ойлау арқылы өзіңізді құрбанмын деп ойлайсыз, өзіңізге деген көп аяушылық туындайды. «Оның ... жолы болды» деп ойлағанда, өзіңізді ол адамнан бір саты төмен қоясыз. Оның сізден күшті екенін мойындайсыз. Шын мәнінде ол солай ма? Жоқ, әр адамның өз мүмкіндігі мен шектеуі бар. Сондықтан өмірде бардың бәрінен максимум пайда алып, өз жолыңызбен жүріп, содан ләззат ала білу қажет.