ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: МЕНИНГИТ БОЙЫНША ОБЛЫСТА ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыста менингококты инфекция жұқтырған 1 жағдай тіркелді. Осы жылдың 31 мамырында Жаңақорған ауданының тұрғынынан инфекция анықталған. 27 жастағы азамат аудандық ауруханаға жатқызылды. Алайда, дәрігерлер науқасты аман алып қала алмады, азамат 2 маусымда аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды.
Департамент басшысының айтуынша, ауру ошағы болған Жаңақорған ауданында менингококты инфекция анықталған жоқ.
– Бүгінгі таңда науқаспен қарым қатынаста 65 адам болғаны анықталды. Олардың барлығынан анализдер алынып, зертханалық тексерулер жүргізілді. Олардың нәтижесі бірер күнде қолымызға тиеді. Қазіргі кезде 15 адамның зерттеулері қолымызда бар, оның 4-і отбасы мүшелері, 11-і науқаспен қарым-қатынаста болған бірге жұмыс істеген әріптестері. Анализ қорытындылары – теріс. Менингококты инфекция анықталған жоқ. Қарым-қатынаста болғандардың барлығын 10 күн бойы бақылауда ұстаймыз, - деп атап өтті Ұ.Аханаева.
Сондай-ақ, бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылған арнайы штаб өз жұмысын жалғастыруда.
– «Қазіргі кезде эпидемиологияға қарсы және профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Аудандық аурухана қызметкерлері үй аралау арқылы аталған сырқатқа күдіктілерді анықтау жəне ақпараттандыру шараларын жүргізуде, - деді Ұ.Аханаева.
Айта кету керек, облыста менингитке қарсы екпе егу жұмыстары басталды.
Департамент басшысының айтуынша, өңірімізге екпелер Бельгия мемлекетінен жеткізілді. Алайда, менингитке қарсы егу Қазақстанның Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілмегендіктен, ол – ақылы. Екпе құны 23 мың теңге тұрады. Сонымен қатар, вакцинациялау №6 қалалық емханада жүргізіледі. Бүгінде 2 адам екпе ектірген.