ЖАНҚОЖА БАТЫР КЕСЕНЕСІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бір бөлігі туған жердің ұлттық құндылықтарын қадірлеуге арналған. Соның бірі – еліміздің киелі де, қасиетті орындарын құрметтеу. Олардың тарихы мен тағылымын бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіру.
Нұрмұхаммедұлы Жанқожа – қазақ халқының ел азаттығы жолында арыстандай арпалысқан атақты батырларының бірі. Шыққан тегі Кіші жүздің Әлім тайпасының шекті аталып кеткен Жаманақ руынан. Атасы Киікбай Әбілқайыр ханның батыры әрі биі болған. Ал әжесі Тәжі қалмақпен де орыстармен де шайқасып өткен, өлгенде де «табаным тіреп жатсын» деп аяғын Орынборға қаратып көмуді өсиет еткен атақты Есет батырдың жалғыз қызы. Жанқожа осы Киікбай мен Тәжіден туған Нұрмұхаммедтің баласы.
Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жаңқожаның батырлық даңқы ерте шыққан. Сыр бойының Қылышбай ханы хиуалықтармен соғысқанда, қазақ батырлары Хиуаның Тықы деген батырын жекпе – жекте жеңе алмай іркіліп қалған бір тұста, 17 жасар Жанқожа өзі сұранып шығып, оны найзамен түйреп түсіреді. Осыдан бастап оның батыр атағы жалпақ елге жайылып кетеді.
Бұл кездерде Жанқожа ауылы Қарақұмды жайлап, Ырғызды қыстаған. Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, Созақ қамалына шабуыл жасауына себепкер болды. И. В. Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қаласының бектері Отыншы, Cушымен бірігіп Сарман биді өлтіреді. Созақта тұратын Құрман би араша түсуді өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Жөлек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады.
1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан соң Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алды. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтіргені үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен Аймұхамед палуанды жасақтарымен жіберді. 1836 жылы Ақирек деген жерде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырады.
Жанқожа зорлық – зомбылықты білмеген, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Біреудің біреуге жасаған қиянатын кеше алмаған. Біреудің азғыруына еріп, жазықсыз табын Бұқарбай батырдың елін шабам деп, тілін алмай кеткен інісі Жауқашарға «барғаныңнан оралма» деп бата беруі, артынан қаза болғанда оның сүйегін ауылына әкелдірмей қоюы соның дәлеліндей. Оның бүкіл мағыналы өмірін Хиуа мен Қоқан басқыншыларына, орыс отаршыларына қарсы күреске арнауы да сол зорлық-зомбылыққа, қиянатқа төзе алмайтын қасиетіне негізделген елін жерін сүйген алып жүректілігі де себеп болса керек.
Ел аузында Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған. Батыр осы жолы әуелі өзінің жігіттерімен Созақ қамалына көмекке келе жатқан Қоқан әскерінің алдынан шығып, оларды талқандап, кері қуып жібереді. Содан соң Созаққа қайта оралып, Кенесары қолымен тізе қосып, қамалды алады. Қамалдың қақпасын бұзып, алдымен ішке кірген осы Жанқожа батырдың сарбаздары болыпты.
Патша үкіметінің әскери әкімшілігі Жанқожа Нұрмұхамедұлының көзін жою үшін Елікей Қасымов бастаған арнаулы жазалаушы әскер жіберді. 1860 жылы жазалаушы әскер Қызылқұмның ішіндегі Жанқара көлінің басында отырған Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алды. Қанды шайқастың барысында 80-нен асқан Жанқожа батыр жазалаушылардың оғынан қаза тапты. Батырдың өмірден өтер кездегі соңғы сәтін Л. Мейер былай деп суреттейді:
«Қарт батыр оқ өтпейтін сауытын киіп, қару-жарағын асынып, үйінен шығып үлгерді. Бірақ аты жоқ екен. Ажалымның жеткен жері осы екен деп, ол бір төмпешіктің үстіне аспай-саспай шығып алды да, өз иманын өзі үйіріп, дұға оқи бастады... зулаған оқтар... көпке дейін оның сауытынан өтпей, тайқып ұшып, кері түсіп жатты. Ақырында бір оқ оның мойнына дәл тиіп, қарт батырдың өмірін қиып кетті».
Жанқожа батырдың ерлігі халық арасына кең тараған. Сонымен қатар, Төремұрат, Мысабай, Жұмабек Айбарбекұлы, Нұрсұлтан Жұбатұлы, Қарман Сұлтанұлы, Нұрғал Балтабекұлы сынды жыршы-жыраулар өз туындыларына батыр ерліктері арқау болған.
Елі мен жерін қорғаған Жанқожа батыр кесенесіне қазақ халқы құрметпен қарап, құран оқып, дұға бағыштайды. Қызылорда қаласында Жанқожа батыр ескерткіші, Әйтеке би кентінде Жанқожа батырдың кесенесі, Қазалы ауданындағы Кәукей ауылынан 150 шақырым жерде Жанқожа батыр мазары орналасқан.
Еркебұлан ЕЛЕУОВ,
Қызылорда облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау
мекемесінің ғылыми қызметкері