Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ

ЖЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ

Жент қалашығы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда орналасқан.
Жент – 10-12 ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасқан ортағасырлық қала орны. Қалада мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары қоныстанған. Осы аймақта орналасқан Жанкент, Баршынкент, Ашнас (Асанас) қалалары Жент өлкесінің қалалар тобын құрады.
Жазба деректерінде қаланың оғыз-қыпшақ иелігінде болғанын, 1138-1152 жж. қараханидтер билігінде, кейін моңғол шапқыншылығына ұшырағанымен, саудагерлер пайда табу мақсатымен келетін базары болғанын, ХІ ғасырда Арал теңізі «Жент теңізі» аталып, мұнда анадолы түріктерінің атасы Селжүк жерленгені айтылған.
Жентті П.И.Лерх (1870 ж.), Каллаур (1900 ж.), И.Кастанье (1910 ж.) т.б. өз еңбектерінде атағанымен, орнын нақтылай алмаған. С.П.Толстов алғаш рет 1946 жылы Жент қаласының орнын көрсетіп, үстіңгі бетінен жинаған деректер бойынша, оның жасын ХІІ-ХҮІ ғғ. деп тұжырымдады.
Зерттеушінің пікірінше, ХІІ-ХІІІ ғғ. Жент Хорезм мемлекеті дүниежүзілік державаға айналу барысында тіректі қаласының бірі болған. Кейін 1958 жылы Б.В.Андрианов, 1961 жылы С.П.Толстов ескерткіш орнында зерттеу жұмысын жүргізді.
ХҮІІ ғасырдың тарихшысы Әбілғазы баһадүр ханның өзінің «Шежіре-и түркі» («Түркі шежіресі») атты тарихи шығармасында Жошының Жендке жасаған жорығы жайлы: «...Жошы хан Жантемір деген нөкерін елші қылып Женд халқына жіберді. Женд халқы бағынғысы келмеді, Жантемірді өлтіруді ойластырды. Жантемір әр түрлі айла жасап, құтылып шығып, Жошыға мұның барын айтты. Жошы хан қатты ашуланып, Жендты қамады. Қаланы алып, Жантемірге қастық ойлағандарды өлтірді, өзге халықтың қанын қиып, барлығын қаланың сыртына шығарып, мал-мүлкін тонап, Әли қожа Ғаждуаниды Жендке әкім қылды...»,-деп жазды. (Әбілғазы. Түркі шежіресі. Алматы. «Ана тілі» ЖШС. 2007.75-76 бб).
Моңғол шапқыншылығынан кейін Жент қаласы қайта жанданып, Сыр өңіріндегі ірі мәдени-экономикалық орталыққа айналды. Қалада ақша сарайы жұмыс істеп, күміс және мыстан соғылған теңгелер шығарылды. «Моңғол шапқыншылығына дейін Жент үлкен қала болатын. Қаншама зобалаңға ұшыраса да ол сауда-саттыққа қолайлы қала болып қала берді... Бұл жерде әлі күнге дейін сауда орны жұмыс істейді. Саудагерлер өз саудаларын мақтап, табысты екендеріне бәсекелеседі. Қала базарлары көл-көсір... Ол жерде ылғи да таразы басы құбылып тұрады»,-деп жазды ХІІІ ғасырдың тарихшысы Жамал Қаршы.
В.В. Бартольд Сыр өңірдегі қалалардың 15 ғасырдан бастап қаңырап бос қалуы Сырдарияның өз арнасын басқа жаққа өзгертуімен байланысты болар деп пайымдайды. 1967 жылы Сыр бойындағы қалалардың қираған орнын зерттеген П.И. Лерх Женттің орнын Қорқыт Ата мазарының маңынан іздеу керек деген болатын. Бұдан кейін Бартольд Жент орны Қызылордадан 25 км жердегі Қышқала деп болжаған. Тек 1946 жылы Сырдария мен Әмударияның аралығында орналасқан ескерткіштерді толық аралап шыққан С.П. Толстов Женттің негізгі орнын тапты. Ол Қызылордадан 115 км жерде орналасқан Жанқала жұрты. Жанқалада 1946-48, 1957-58 жж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толстов) зерттеу жүргізіп, жиналған қыш ыдыстардың негізінде қала 10-13 ғасырлар аралығында болған деп топшылады. Жанқаланың өзінде күрделі қазба жұмыстары жүргізілмегенімен, оның айналасындағы көне суғару жүйелері біршама зерттелген. Зерттеу қорытындысына қарағанда, қала тұрғындары егін шарушылығымен айналысқан деп айтуға болады.[2]



11 маусым 2018 ж. 1 774 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области