ЖАҢА ӘЛІПБИ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Елімізде әліпби ауыстыру мәселесінің қозғалғанына да біраз уақыт болды. Өткен ғасырдың соңғы жылдарынан бері әңгіме болып келе жатқан осы мәселе, міне бүгін күн тәртібіне қойылатын мезгілге жеткені анықталып отыр.
Адамзат пен қоғам дамуында қай елдің болмасын әліпби ауыстыруы аса маңызды оқиға. Бұл – сол елдің өміріндегі барлық салаға қатысты болатыны, мәдени, экономикалық, лингвистикалық, әлеуметтік мәселелерді ғана қамтып қоймайтыны, тарихи, саяси және т.с.с. мәселелердің көтерілетіні баршаға белгілі. Міне, осы жәйтті бүгін біздің еліміз бастан кешіруде.
Бұқаралық ақпарат құралдарында қазір латын графикасындағы әліпби туралы жарыса жазуда. Алғашқы ұсынылған нұсқаға қатысты көптеген пікірлер де айтылды. Бұл жәйт – елдің осы мәселеге ерекше маңыз беретінін аңғартады. Осыған орай біз де ойымызды ортаға салмақпыз.
Латын әліпбиі негізіндегі қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы көңілге қонады. Мұны құптауымыз керек. Алайда ескеретін біраз нәрселер бар.
Ең алдымен, жұртшылық мұны латын әліпбиіне көшу деп қарауда. Бұқаралық ақпарат құралдары бар, білім беру орындары бар мұның олай емес екенін, тек тілдік таңба мәселесінің сөз болып отырғанын түсіндіруіміз керек. Әр нәрсені өз атымен атаған жөн ғой, сондықтан латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі деп нақты жазып та, айтып, оның өзгеше аталуына жол бермеу керек.
Екіншіден, кейде айтылып қалып жататын, осы жазуға көшсек ағылшын тілін тез үйреніп кетеміз деген ойдан аулақ болу керек және ондай ойларға тойтарыс беру керек. Себебі, бұл жалған насихат болып шығады. Мәселен, қазіргі орыс графикасы негізіндегі жазумен сауатын ашқан жас буынның, әсіресе ауылдық жердегі мектепте оқығандардың орыс тілін білмейтіндері толып жатқаны жасырын емес. Бұл тілдік таңба өзге тілдерді үйренуде жеңілдікке қол жеткізеді деген пікірдің дұрыс еместігін көрсетеді.
Үшіншіден, бұл әліпбиді енгізбес бұрын орфографиялық норманы кемшіліктерден арылтуымыз керек. Сонау, 1940 жылдан бері қолданылып келген орыс графикасы негізіндегі әліпби және орфографиялық норма деген мәселеге келсек, біраз олқылықтар бары белгілі. Мұның ең бастысы – жазудың сөйлеуді қанағаттандыра алмауына қатысты. Мәселен, буын – деген ұғымнан хабары бар қазаққа «киім» сөзін буындашы десең – «кі – иім» деп буындары хақ. Ал біздің қолданыстағы норма осыны ескерді ме?! Мұның толып жатқан мысалын келтіруге болады. Тіпті «и», «у» дыбыстары қатар келсе «ю» харпін жазу керек деп тіптен басқа жолға бағыт алдық, мектеп оқушылары аю деген сөзде «а» және «ю» деген екі ашық буын бар деп қате түсінік қалыптастырды.
Бұдан шығатын қорытынды латын харпіндегі қазақ әліпбиін бекітіп алған соң қолданысқа шығармас бұрын жазу нормасын жөндеуіміз қажет. Бұлай болмаған жағдайда «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалары анық.
Тағы бір айтатын нәрсе – әліпби түзу. Әліпбидің жүйе екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл ең алдымен жазуды үйренушінің сөзді тез жазуына, яғни әліпбиді тез игеруіне негізделуі керек. Қазіргі қолданыстағы әліпби мен араб әліпбиін салыстыра қарасақ, мынаған көз жеткіземіз: Біздің қазіргі әліпбиіміз бойынша А,Ә,Б,В,Г,Ғ деп әріптер тізбесі жалғаса береді. Ал әліппені оқытқанда «А» дан кейін «Ә» оқытылмайтыны белгілі. Егер, әліпбидегі ретпен оқытсақ, онда үйренуші 6 әріпті үйренгенмен тек жалғыз «Аға» деген сөзді ғана жаза алар еді, Ал, араб әліпбиінде А,Б,Т,С – деп түзілсе, осы төрт әріппен-ақ қазақ баласының біраз сөзді жаза алатыны белгілі және соған сай жазуға, әліпбиді үйренуге деген ынтасы артатыны анық. Мұны латын графикасындағы қазақ әліпбиін түзу керек кезінде ескерген жөн сияқты.
Бірлі-жарым таңбаларға қатысты тілші-ғалымдар пікір айтуда, оны жобаны ұсынушылар ескерер деген ойдамыз, біз де өз ойымызды қысқаша ғана ортаға салдық, осы шаруаның тізгінін ұстап отырғандар ақыл таразысына салып көрер, ал жалпы латын әліпбиі негізіндегі қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы көңілге қонатыны анық.
Алдажар ӘБІЛОВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың доценті,
Филология ғылымдарының кандидаты