Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚҰПИЯСЫН ІШКЕ БҮККЕН ҚЫШҚАЛА

ҚҰПИЯСЫН ІШКЕ БҮККЕН ҚЫШҚАЛА

Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала біраз игілікті істің бастауы болды. Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің аумағындағы көне қалашықтар орны көп. Ал мұны жас ұрпақтың білгені абзал. Сондықтан, өлкентану, археологиялық жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажет. Ел Президенті ұсынған бағдарламаның мәні – осында.
Қазіргі таңда облыс аймағында құпиясын ішіне бүккен орта ғасырлық елді мекендер көптеп саналады. Солардың бірі – Сырдарияның ескі арнасына орналасқан Қышқала қалашығы. Әу бастағы аты белгісіз бұл қаланы 1243 жылы итальян саяхатшысы Джованни Плано Карпини Қышқала деп атаған екен.
Нақты кезеңде облыс әкімдігінің қолдауымен аталған шаһарды «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының мамандары аршып, қазба жұмыстарын жүргізуде.
Соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулердің басты бағытының бірі – ХІІІ-ХҮ ғасырлармен шамаланатын Қышқала орта ғасырлық қалашығы қалдықтары. Неғұрлым маңызды ескерткіш саналған археологиялық нысанның шағын ғана бөлігіне алдын ала жүргізілген қазба нәтижесі бойынша Қышқала ірі сауда-қолөнер қалаларының бірі деп болжауға болады.
– Олай деуімізге қаланың Жібек жолы бойындағы ең маңызды өткелінің бірінде орналасуы дәлел. Ол бүгінгі күнге дейін сақталған Томарөткел жанынан бой көтерген. Табылған қыш ыдыстарының сынықтары бойынша жорамалдасақ, қалашық құрылысы Х-ХІ ғасырларда басталған. Ал қайнаған өмір ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Алтын Орданың сауда байланыстары жандануы басталғанға дейін тоқтаған, – дейді «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ғалым-археолог Мадияр Елеуов.
30 гектарға жуық аумақты алып жатқан көне шаһардың солтүстік шетінде қыштан соғылған үлкен сарайдың қалдықтары сақталған. Бұл жердің шеберлері көптеген сан алуан шаруашылық, тұрмыстық және құйма қышын дайындаған. Жекелеген үй-жайлардың көшеге қарайтын алдыңғы беттері ойып жасалған кірпіштермен әшекейленген. Байыптап қараған жанға балада ішкі сауда дамығаны аңғарылады.
Ірі сауда орталығы болғаннан кейін, түрлі мәдениет, сан алуан өнер түрлері осы қалашықта тоғысқан деп болжам айтуға болады. Қышқалада зергерлік шеберхананың болғаны туралы археологиялық айғақтар бар. Археологтар бұл орынның орталық бөлігінен сегіз бұрышты ұстаханаға ұқсас үлкен ғимарат орнын тапты.
Археологтар көне шаһардың әзірге екі қазбасын ғана аршыған. Оның бірі мавзолей болса, екіншісі, шаруашылық тұрғын-жай деп болжанып отыр.
– Мұнда қала мәдениеті қалыптасқан, сәулеті дамыған. Белгілі Тұмар өткелдің басында тұр. Осы жерде орналасқан барлық қалалардың орталығы болған деген негіз бар. Мәселен, мына аршылған нысан – қала шетіндегі мавзолейдің орны. Қима өрнекпен қасбетін әрлеген, биіктігі 3 метрге жуық. Кейіннен желдің мүжуінен, дауыл мен жаңбырдың әсерінен батысқа қарай құлаған. Қыш материалдарының негізінде жасалған қабаттардың уақытын күні бұрын анықтау қала тіршілігінің хронологиялық шеңберін XІІІ-XV ғасырларға жатқызуға мүмкіндік береді, – дейді зерттеуші ғалым Дөкей Талеев.
Белгілі ғалымның Дөкей Әбдікәрімұлы қаланың экологиялық ахуалы өте нашар екендігін жеткізді. Тарихы тереңде жатқан көне қаланың аумағы қалай құрылған? Бұл – өте ауқымды жұмыс. Өңірдің ғасырлар бойғы тарихы осы аумақтағы археологиялық зерттеулерден табылып отыр.
Көненің көзіндей қастерлі мекен Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Қалашықта алғашқы зерттеу 1899 жылы Сырдың төменгі ағысындағы қалаларды зерделеген В.Каллаурдың бастамасымен іске асқан.
Айта кетейік, мұнда қазба жұмыстарының басталғанына бір айға жуық уақыт болыпты. Қазіргі күнге қима өрнектен салынған кесене мен екі негізгі ғимаратының орны толықтай ашылды. Алдағы уақытта осы зерттеу қорытындылары шығарылып, қаланың басқа бөліктеріне де қаза жұмыстары жүргізіледі.
Қышқала өз замынында өркениеттің ордасы саналып, Батыс пен Шығысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойында гүлдеп, саудасы дамыған шаһар болғаны анық.
Құпиясын ішке бүккен шаһар туралы аз-кем мағлұмат осы.

Р.АРЫСТАНБАЙ                      



19 маусым 2018 ж. 1 179 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области