БҮКІЛӘЛЕМДІК ДОНОР КҮНІ
14 маусым Дүниежүзілік донор күні (World Blood Donor Day). Жыл сайын донорлар тапсырған қан миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Өткен жылы Қызылордада 3207 науқасқа 1259 рет қан құйылған. Ал, қан тапсырып, өзгелерге үміт сыйлап жүрген жерлестеріміздің саны 4950 донорды құрайды. Олар былтыр шамамен 6581 рет қан тапсырған.
Бұл күні өз еркімен қан тапсыратын және ол үшін бір тиын да ақы алмайтын, сол арқылы талай адамды ажал аузынан арашалап алуға септігін тигізіп жүрген азаматтарға алғыс айту дәстүрге айналған. Оның үстіне, бұл күн қан тапсырудың денсаулыққа пайдасы мен зәру жандарға қол ұшын беру қажеттігі жайлы жан-жақты ақпарат таратып, жұртшылықты игі іске көптеп жұмылдыруға көмектеседі.
Биылғы науқан "Қан тапсыр. Өзгелерді де ойла. Науқастарға үміт сыйла" деген тақырыпта өтіп жатыр. Қазақстанда пациенттерді қанмен қамтамасыз ететін және трансфузиялық көмек көрсететін медицина ұйымдарының саны 17.
Донорға берілетін артықшылықтар
Ересек адамның ағзасында 5,5 литрге жуық қан бар. Бір рет қан тапсырғанда донордан 450 миллилитр қан алынады. Мұның адам организміне тигізер пайдасы да зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрақты түрде қан тапсыратындардың өмірі шамамен 5 жылға ұзарады.
Бұл қоғамға ғана емес, донордың өзі үшін де тиімді. Денсаулыққа пайдасын былай қойғанда, донорға бірқатар артықшылықтар беріледі. Мәселен, ВИЧ/СПИД, сифилис, қандағы гемоглобин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтау сынды т.б. талдау түрлерін тегін тапсыруға мүмкіндік алады. Қан тапсырған күні студенттер мен оқушылар сабақтан, жұмыскерлер жұмыстан босатылады. Бірақ жалақысы толық төленеді.
Қызылорда облысы бойынша бірегей плазма иесі Рахменов Рустембек Сагинбаевич.
Қызылорда қаласында тұратын Рахменов Рустембек Сагинбаевич тұрақты түрде плазма тапсырып келе жатқанына 7 жыл толыпты. Осы уақыт ішінде ол 71 рет плазма тапсырғаны үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапатталды.
Рахменов Рустембек Сагинбаевич сынды бірегей плазма иесінің бірі Австралияда тұрады. Джеймс Харрисон - өмірінде 1173 рет қан тапсырып, екі миллионнан астам сәбиді аман алып қалуға көмектескен. Оның қанында резустар сәйкес келмеген жағдайда таптырмайтын, D резус-факторы антигеніне қарсы әрекет ететін сирек антиденелер бар. Қызыл крест ұйымының мәліметінше, 1967 жылы осы резустар сәйкессіздігінен жыл сайын мыңдаған австралиялық бала көз жұматын. Биыл 81 жасқа толған Дж.Харрисон заң талабы бойынша қан тапсыруды тоқаттты.
Кімдер донор бола алады?
Донордың жасы ең алдымен 18-ге толған болуы керек. Қан тапсырмас бұрын міндетті түрде медициналық тексеруден өткізіледі.
Ал, гепатит, сифилис, туберкулезбен ауырғандар, ВИЧ-індетін жұқтырғандар, нашақорлар донор бола алмайды. Сонымен қатар, донор бауыр, бүйрек, жүрек-қан тамыры жүйесінде кездесетін созылмалы ауруларға шалдықпаған болуы тиіс.
Қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдар да (әйелдерде - 110 г/л, еркектерде - 120 г/л) уақытша донор бола алмайды. Сондай-ақ, қан тапсырардан біраз бұрын ота жасатқандар, тісін емдетіп немесе жұлдырғандар, дәрі-дәрмек ішкендер, екпе салдырғандар, эндемиялық аудандарға барып келгендердің донор болуына уақытша шектеу қойылады.
Қан тапсыруға дайындық
•Қан тапсырардан бір күн бұрын және таңертең майлы тағамдар мен ет-сүт өнімдерінен бас тарту қажет;
•Түнгі ауысымнан шыққаннан кейін демалып алмай, қан тапсыруға болмайды;
•Ауыр зат көтермеңіз;
•Қан тапсырар алдында темекіден 3 сағат, алкогольден 48 сағат бас тарту керек;
•Қан орталығына баратын күні таңертең тәтті шай, шырын, газдалған сусындар ішіп, нан-тоқаш өнімдерін жеуге болады.
Бахыт Исмаханбетов
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры