МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Биыл жыл соңына дейін 12 өмірлік жағдай бойынша 19 мемлекеттік қызмет SMS арқылы ұсынылып, проактивті қызметтер саны арта түседі. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов мәлімдеді. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы проблемалық мәселелерді көтерді.
Халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен «Қазақстанда «Электрондық үкімет» пен мемлекеттік қызметтердің дамуы» атты дөңгелек үстел барысында А.Оспанов цифрландыру аясында жүзеге асып жатқан проактивті қызмет көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
- ТМД елдері бойынша Қазақстан проактивті қызметтерді алғашқы болып енгізді. Былтыр біз бала туу бойынша мемлекеттік қызметтер кешенін проактивті тәсілмен ұсына бастадық. Азаматтардың қажеттілігін алдын ала болжап, уақыттарын үнемдейтін аса қолайлы қызметке деген қызығушылық күн сайын артып келеді. Бүгінгі таңда жаңа босанған 157 мыңға жуық әйелге SMS-ұсыныс жіберілді. Жуырда әлеуметтік мәселелер бойынша тағы да бірқатар қызметтерді проактивті нұсқада, яғни SMS-хабарлама арқылы көрсететін боламыз, - деді ол.
Атап айтсақ, жүктілікке, бала асырап алуға, мүгедектікті белгілеуге, көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындауға, қайтыс болуды тіркеуге байланысты мемлекеттік қызметтер проактивті тәсілмен, яғни телефонның SMS-хабарламасы арқылы рәсімделетін болады. Сондай-ақ мемлекеттік кепілдіктерді төлеу, жылжымайтын мүліктің сипаттамасын өзгерту, атқарушылық іс жүргізуді қозғау жұмыстары және білім беру саласындағы қызметтер кешені де проактивті нұсқада ұсынылады.
Сонымен қатар мемлекеттік корпорация басшысы мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. «Елімізде жаппай цифрландыру үрдісі жүріп жатқанына қарамастан, мемқызметтердің 51 пайызы әлі күнге дейін қағаз жүзінде ұсынылады, оның үстіне қазақстандықтар қызметтерді электрондық нұсқада алуға айтарлықтай тілек танытпай отыр. Сондай-ақ бір қызметті алу үшін басқа бір қызметке жүгіну қажет және азаматтар 311 қызмет бойынша біздің фронт-офистерге бірнеше рет келуге мәжбүр. Бұл орайда қашықтан қызмет көрсету процесі бойынша әлі де қарапайым және қауіпсіз механизмнің жоқ екендігін айту керек», - деп ой түйді Абылайхан Оспанов.