ТІЛДІК ҚАТЫНАСТЫҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» стратегиялық жобасы аясында жаңа гуманитарлық білім беруді қолға алу ісінде әлемдегі ең озық, ең танымал деген 100 оқулықты қазақ тіліне аударуды тапсырғаны, елімізде бұл жұмыс қарқынды түрде жүріп жатқаны баршамызға белгілі. Бұл жауапты істі қолға алған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры бүгінде 18 оқулықты жарыққа шығарып үлгірді. Солардың бірі – 2014 жылы оныншы басылымы жарық көрген «Тіл біліміне кіріспе» оқулығы.
Оқулық авторлары – Нина Хайамс, Роберт Родман және Виктория Фромкин. Кітап тілші ғалымдарға, ағылшын тілін үйренушілерге, филология факультетінің студенттері мен оқытушыларына және тіл біліміне қызығатын жалпы көпшілікке арналған құнды еңбек.
«Тіл біліміне кіріспе» кітабы – кіріспеден, іріленген 12 тараудан және арнайы глоссарийден тұрады. Әрбір тараудың соңында қорытынды, қосымша оқуға арналған әдебиеттер тізімі, теориялық материалды өз бетінше игеруге арналған жаттығулар берілген.
Аталмыш еңбекті қазіргі таңда Harvart University, Yale University, University of Oxford, University of Cambridg, Princeton University, Stanford University, Brown University сынды әлемнің ең атақты университеттері оқу бағдарламасына енгізген.
Аты айтып тұрғандай, бұл кітап келешектегі филолог мамандарға, шет тілін оқушыларға, жалпы тіл біліміне қызығушылығы бар қалың оқырманға лингвистикалық түсінік қалыптастырып, алғашқы мағлұмат беруді көздейді. Кітапта жалпы тіл ғылымының тарихы, фонетика, грамматика, морфология, және синтаксис мәселелері қозғалып, олардың өзектілігі баяндалады. Сонымен қатар тілді меңгеру, тілдік өзгеріс, жазба тілдің негіздері, тіл және адам миы сияқты жекелеген мәселелер де қамтылған.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ аудармашылары бұл кітаптың 10-басылымын негізге алып отырғандықтан, ондағы елеулі толықтырулар мен жаңалықтарға көз жеткізуге болады. Оқулықтың бұдан басқа да тиімді тұстары ретінде, студенттерге лингвистика мәселелері жөнінде жүйелі білім алуға, бұқаралық ақпарат құралдарындағы талқылауға қатысуға және оқытушылар мен студенттерге маңызды лингвистикалық зерттеулерден хабардар болуға көмектесетінін айтуға болады. Яғни, мұнда тіл және тілді пайдалануға қатысты көкейтесті мәселелерге де жауап табылады. Бір айта кетерлігі, кітаптағы жаттығулар студенттердің материалдарды қаншалықты игергенін тексеруге мүмкіндік береді.
Осы тақілеттес оқулықтар бұрын тек орыс тілінде ғана болғаны рас. Кеңестік кезеңде аударылғаны мұндай еңбектердің қазіргі таңдағы теориялық, саяси-моральдық тұрғыдан әбден ескіріп, тозығы жеткенін жасыра алмаймыз. Сондықтан да, жоқтан бар жасағандай, еліміздегі жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті және қазақ филологиясы мамандықтарында әлі де қолданып жүрген Төлеубай Қордабаевтың «Жалпы тіл білімі», Кәкен Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» оқулықтары осы пәннен сабақ беретін профессор-оқытушылардың арқасында, осы заманға лайықтастырылып, толықтырылып амалсыздан пайдалануға ұсынылып жүр еді.
Осы сала бойынша соңғы жылдардағы соны жаңалыққа жаны құмар Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Абасилов «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аталған жаңа оқулықтың қазақ тіліне аударылуы жоғарыда келтірген олқылықтың орнын біршама толтырғанын тілге тиек еткені бар.
Сонымен қатар бұл кітап арқылы ол тіл білімінің ортайған орны сәл де болсын толғанын, осы арқылы тілдік кеңістік қанағаттанды деп айтуға болмайтынын айтты. Өйткені бұл кітап мәселенің бір қана қырын қамтитын бар-жоғы бір ғана оқулық болып отыр. Қанағаттанушылық лингвистикалық ілімді өз ана тіліміздің материалы негізінде түсіндіріп, қазақы ұғыммен бергенде болуы мүмкін. Әрине, ондай күнге де жететінімізге сеніммен қарайық.
Айтқандай-ақ, ағылшын тілінен аударылып, оқырманға ұсынылып отырған оқулықтың ауқымы өте кең, көтерген жүгі ауыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 12 тараудан тұратын бұл оқулықта тіл білімінің негізгі салаларымен қатар, салыстырмалы талдаулар да көп берілген. Кітапта негізінен ағылшын тілінің грамматикасы қамтылған. Сондықтан оқулық бірінші кезекте шет тілі филологиясында оқитындарға, ағылшын тілін үйренушілерге таптырмас құрал деуге болады. Ол, сондай-ақ ,тіл білімінің жалпы теориясынан, тілдің табиғаты мен өзіндік жүйесі, даму заңдылықтарынан, т.б. білім алушыларға да терең ғылыми мәлімет беретін ақпарат көзі болып табылады. Сондықтан оқулық оқытушылар мен жалпы тіл біліміне қызығушылар үшін пайдалы болмақ.
– Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықтың әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылатындығына ерекше қуаныштымын. Бұл – тәуелсіздіктің жемісі, рухани жаңғыруымыздың басы. Дегенмен, асығыстыққа бой алдырып жатқандаймыз. Олай дейтінім – осы 100 оқулық қазіргі орыс-қазақ әліпбиі – кирилл жазуында емес, төл дыбыстарымыздан жасалған лингвистикалық егемендігімізді танытатын жаңа төл әліпбиімізде басылып шықса, мемлекеттік тілдің беделі артып, қолданыс аясы кеңіп, абыройы асқақтар еді. Халықтың жаңа әліпбиді тез меңгеруіне өз септігін тигізер еді, – деді А.Абасилов.
Мемлекет басшысының «Осы оқулықтар арқылы біздің ғалымдарымыз да қуат алып, шабыттанып, түбінде сондай дүниелерді өмірге әкеледі. Түпнұсқасын қазақ тілінде, қазақшалап жазады деген үміттемін. Бұл оқулықтар жас ғалымдарымызға рух беріп, ізденіс жолына салса жөн. Қазақстандықтар да сондай кітаптарды шығаруға қабілетті екеніне сенімдімін», – деген сөзі «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлін айқындай түссе, соның ішіндегі «Тіл біліміне кіріспе» оқулығы да білімді де білікті, бәсекеге қабілетті қазақ жастарын тәрбиелеудің тетігі деуге болады. Сондықтан да әлемдік оқу тәжірибесінде озық үлгіге ие болған осы сынды еңбектердің қазақ тіліне аударылуы тарихи маңызы зор жаңалық болмақ.