ЖАҢА ТЕЛЕМЕДИЦИНАЛЫҚ ҚОНДЫРҒЫЛАР ҚОЙЫЛДЫ
Қызылорда облысының 15 емдеу алдын алу ұйымдары заманауи телемедициналық қондырғылармен жабдықталды. Ол үшін облыс қазынасынан 21 208,0 мың теңге қаржы бөлінді.
2006 жылы облыстық медицина орталығына орнатылған телемедициналық қондырғылар, облысқа қарасты 7 аудандық ауруханалармен және Астана мен Алматыдағы ғылыми орталықтармен байланыса алатын еді. 12 жылдан астам науқастардың денсаулығын саралауға қызмет көрсеткен қондырғылар техникалық тұрғыда көнере бастады. Шет елдің және ірі ғылыми орталықтармен байланысудың шектеулі болуы, тіпті облыстағы өзге де салалық емдеу ұйымдарымен байланыстың болмауы кедергілер тудыра бастады. Тығырықтан шығудың мақсаты қойылды. Ол үшін 2018 жылдың 1 тамызына дейін салалық 6 емдеу және 8 аудандық ауруханалар базасында соңғы үлгідегі телемедициналық қондырғыларды орнату.
Бүгінгі күні жоба өз мәресіне жетті. Облыстық медицина орталығы, онкология, туберкулезге қарсы диспансер, перинаталды орталық, балалар ауруханасы, жұқпалы аурулар ауруханасы, қалалық аурухана заманауи бейне камералар, мониторлар және өзге де қажетті құрылғылармен жабдықталды. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық ауруханалары мониторлар және өзге де қажетті құрылғылары жаңартылды. Ендігі кезекте, телемедициналық байланыс арқылы аталған емдеу ұйымдары өз ара және өзге де ғылыми орталықтармен жылдам әрі үзіліссіз тікелей байланыса алады. Медицинаның соңғы жетістіктерін пайдалану, жылдам ақпарат алысу, науқастарды қозғамай кеңес алу, мамандардың жұмыс орнында тұрып білімін көтеруі, тәжірибе алмасуы қажеттілігі артатын болады.
Медицина – сәт сайын дамып отыратын ғылым. Ғылымның дамуы техникалық өзгерістерге әкеледі. Техниканың соңғы жетістігі – науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Облыстың емдеу ұйымдарына орнатылған телемедициналық байланыс – халықтың игілігі үшін жасалған шара.