Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚОРҚЫТ КҮЙЛЕРІНІҢ ЖИНАЛУ ТАРИХЫ

ҚОРҚЫТ КҮЙЛЕРІНІҢ ЖИНАЛУ ТАРИХЫ

Ықылым заманнан бері Алаштың анасы, ұлық тұтар киелі қарашаңырағы атанып келген сұлу Сырды қайсы бір қырынан алып қарасаңыз да, оның әуел бастан дуа дарыған, қасиет қонған, өлмес өнер ұялаған өңір екендігіне көзіңіз жетеді.
Көне жазбаларға көз жүгіртер болсаңыз, аталған өлкенің ежелден-ақ таңғажайып күйлері және алтынның сынығындай жақұт жырлармен алты Алашқа кеңінен мәлім болғанын көреміз. Бір сөзбен айтқанда, атамекеніміздің аспандағы аққуларға үн қосқан күміс көмей, жезтаңдай жыршыларымыздың алтын бесігі болғаны ақиқат. Мұны ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Тіптен орыс зерттеушілерінің пікірлеріне жүгінсек те, оның ақиқаттығына шүбә келтіруге болмайды. Әйтпесе, Ресейдің көрнекті өнер зерттеушісі Потанин: «Күллі қазақ сахарасы ән салып тұрғандай», деп таңдай қағып, тамсанбас еді ғой. Ән-жыр десе алдына келген асының өзін ысырып тастауға бейіл, соның жолында басын бәйгеге тігіп кеткен А.Затаевичті де кезінде жол қиыншылығына қарамастан ұлан-ғайыр қазақ даласын жаяу-жалпылап аралап, алтынның сынығындай болып жеткен мыңдаған жәдігерлерімізді жалықпай жинастырып, қайта тірілтуі де тегін емес.
Қазақ өнеріне кезінде Пушкин сынды орыстың ұлы ақыны мен Даль есімді ғұлама ғалымның да айрықша қызығушылық танытқанын білеміз. Мұндай мысалдарды әрі қарай жалғастыра беруге болар еді. Сайып келгенде мұның бәрі ғажайып әуендер мен сырлы саздарға бөгіп тұрған қазақ сахарасының абыройын асырып, мерейін тасытар құнды деректер екені сөзсіз.
Осы пікірімізді әрі қарай тереңдете түсу мақсатымен сіздердің назарларыңызға түбі түркі жұртының данагөй абызы, асқан музыканты Қорқыт бабаның күйлерін қалай жазып алғанымызды баяндамақшымын.
...1964 жылдың көгілдір көктемі болатын. Ол кезде мен Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы едім. Мемлекеттік емтихан алдындағы бір өндірістік практикамызды Бүкілодақтық радионың қабырғасында өткізетін болып, Мәскеуге жүріп кеттік. Уақыт тауып, арасында орталық кітапханаға бас сұғып, өзімізге қажетті дүниелерге үңілетінбіз. Осы сапарымда мен 1913 жылы жарық көрген 58 томдық музыкалық энсиклопедиялық сөздікті ақтарып шықтым. Осынау аса қымбат қазынаның 24-ші томының 146-бетінен мынадай айшықты жолдарды оқығаным бар:
«Олардың, яғни қазақтардың ән-жырлары сан-алуан және бір ғажабы – бір-бірін қайталамайды. Аңыз бойынша, бір кездері жұмыр жердің үстімен ән әуелеп, күй қалықтаған көрінеді. Осынау әдемі, әсем әуендер қазақ даласына келіп жеткен сәтте төмендеп, жер бауырлап ұшса керек. Асылы, қазақтардың ежелден әнші-жыршы болып келгендігінің сыры осында жаста керек».
Орыстың көрнекті этнограф ғалымы, өнер саласының білікті маманы Дмитриий Клеменцтің бұл пікірі бізді сонау оғыз-қыпшақ дәуірінде Қорқыт бабамыз өмір сүрген сонау YIII-IX ғасырларға жетелейтін сыңайлы. Қалай дегенде де, мейлі бұл аңыз болсын, қазақтың абройын аспандатар айшықты жолдар екені ақиқат.
Бізге жеткен тарихи деректерге жүгінер болсақ, ұлы ойшыл, керемет күйші, ғажап композитор Қорқыттың кір жуып, кіндік қаны тамған ата жұрты – Сырдария өзенінің төменгі саласына орын тепкен Жанкент шаһары ғой.
Қазіргі географиялық жер атауымен атар болсақ, Қазалы-Қармақшы өңірі болып шығады. Ал, бұл өңірлер қашаннан тума таланттарға, жыршы-жырауларға мейлінше бай өлке. Дүзбенбетұлы Жиенбай, Рүстембек, Көшеней, балқы Базар, дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Нұртуған, Қарасақал Ерімбет, Шал Мырза, Сәрсенбай, Шамшат, Тасберген, Сүйінбай, Нұғыман, Кете Жүсіп, Мұзарап сынды жыраулар мен күйшілер шоғыры осы өңірдің төл перзенттері, мақтаныштары болған. 70-ке жуық мақамдар да солардың еншісінде. Бұл – сирек кездесетін құбылыс.
Әдетте, тақыр жерге егін түгілі, далалық шөптің де тамыр байлап, өсіп-өнбейтіні белгілі. Өнердің өркен жайып, дәуірлеуі үшін қолайлы орта, негіз керек-ақ. Ақиқатын айтар болсақ, оның алғы шарты, негізгі сонау Қорқыт баба заманынан бастау алып жатқан тәрізді.
Мен 30 жылға жуық уақыт бойы, дәлірек айтсам, сонау 1960-жылдардың орта шенінен кешегі 1995 жылға дейін республикалық радионың Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде Сыр бойын мекендеген жүздеген жыршы-термешілердің баға жетпес бай мұраларын зерттеп, үнтаспаға түсіріп алуға ұмтылдым. Сонау 70-жылдары екі мәрте Алматыдан жылжымалы студиялар шақыртып, көп жәдігерлерді жазып алдық.
Олар қазір Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Мен әлбетте, музыка маманы емеспін. Бірақ, халық мұрасын ерекше қастерлейтін қаламгермін. Кішкентайымыздан осы қалада, Қызылордада өстік. Осындағы Войтинцев көшесінің бойында тұрдық.
Сұрапыл соғыс жылдарында тым жас болсақ та ата-анамыз осы күнгі ескі базарға жиі жұмсап, керек-жарағын алдырып тұратын. Ескі базарға кіре берісте қылқобызын сарнатып, екі көзі су қараңғы болып қалған бір кісі отыратын-ды.
Өткен-кеткендер әлгі мұңлы әуенге елітіп, іштегі өзек өртерлік шерін тарқатқандай бір жасап қалатын. Тиын-тебендерін қалдырып, әлгі кісінің ағынан жарылып берген ақ батасын алатын. Базардың дария жақ беткейінде таяқ тастам жерде облыстық әскери комисариат тұр. Отты жылдары әскер қатарына шақырылған азаматтардан көз сүрінетін. Олар да әлгі зағип күйшіні аттап өтпей, сәлем беріп, батасын алушы еді. Тым жас болғандықтан біз ол кезде осынау құдіретті күйлердің байыбына бара бермейтінбіз. Сөйтсек, қобыз шанағынан төгіліп жатқан сұлу саз Нышан ататамыздың өз сарнаулары мен Қорқыт баба туындылары екен ғой. Соқыр нышан тобылғы түстес көне қобызын күйге келтіріп, былайша толғайтын еді-ау:
Есақай - Алашының әулиесі,
Тараған Тұрғанбайдан сөз жүйесі.
Біздерге қалған екен мирас болып,
Солардың берген үлгі-тәрбиесі.

Аттарын атар болсам әлгілердің,
Қаратамырда бар Адасқан
Қыпшақта бар Қойлыбай,
Таразда бар Құттыбай,
Өлмес өмір сыйлаған,
Бәріне де бір Құдай.

Соңынан ерген солардың,
Күйші Нышан мен едім.
Әз боп қалған пендеңді,
Бір Алла, өзің демегін.

Күллі әулие-әмбие,
Аруағыңмен жебегін.
Не өкпе бар Нышанға,
Кез болдым мықты тұсауға.
Кәрі қыранға ұқсаймын,
Қанаты жоқ ұшарға...
Ол кезде біз ертең өскен соң радиожуранлистика саласында қызмет істейміз-ау, әлгіндей кісілердің мұраларын үнтасапаға жазып алып, өзімізден кейінгі ұрпақтарға аманаттаймыз-ау деп ойлаған жоқ едік.
Міне, тағдыр бізді араға ұзақ жылдар салдырып, әлгі жасы 90-нан асқан көнекөз күйшімен қайта қауыштырды. Ақиқатын айтсам, мен 1961 жылдың басында, қаңтар айының 7-жұлдызында облыстық радиоға қызметке қабылданған кезімнен бастап Нышан абыздың бай мұрасын жазып алуға ұмтылдым.
Бірақ, ол кісінің қобызы болмай шықты. Осылайша, біраз уақытымызды өткізіп алдық. Абыз атаның жөн сілтеуімен біраз жерлерді сүзіп шықтық. Өкінішке қарай қанша шарқ ұрып іздесек те қобызды қолымызға түсіре алмай қиналдық.
Ол кісі: «Көне аспап екі жерден табылып қалар: Бірі – Қармақшының Абыласы, екіншісі – Сырдария ауданының Бесарығы...» - деген болатын.
Ұрпақтары бізге қимады ма, әлде шынымен жоқ болды ма, әйтеуір араға беделді деген кісілерді салсақ та, ештеңе өндіре алмадық. Сөйтіп жүргенде 1957 жылдың жазы да келіп жетті, сол шамада Қазақ телевизиясы белгілі музыка зерттеушісі, көне аспаптардың нағыз жанашыры Болат Сарыбаевтың шеберханасы жайлы хабар берді.
Соны тамашалаған бойда Алматыда тұратын фольклоршы ағамыз Мардан Байділдаевқа суыт телефон соғып, тым болмаса бірер күнге болса да әлгі көне қобыздың біреуін тез жеткізуін өтіндім. Ол кісі Сыр бойына келген сапарында менің жол талғамайтын қызмет көлігімді де, дыбыс жазу аппаратымды да пайдаланатын. Араға бірер күн салып М.Байділдаев та жетті-ау.
Сөйтіп біз Нышан абыздың үйіне барып, Қорқыт ата күйлерін жазуға кірістік. Күйлерді жазуға Р-6, Р-7 репортерлерін пайдаландық. Бірінің үнтасапсы таусылған уақытта екіншісін қосып отырдық. Жазып алған дүниелеріміздің бірінші бөлімі Нышан абыздың өз сарнаулары, яғни әрауақтарға сыйынып күй шақыруы болса, екіншісі түгелдей Қорқыт ата күйлері еді.
Осы сапада біз Нышан атаның орындауында Қорқыт бабамыздың «Ұшардың ұлуы», «Башпай», «Әуіпбай», «Желмаяның желісі», «Аққу күйі» секілді барлығы 12 күйді үнтаспаға түсіріп алдық. Біздің өтінішіміз бойынша орындаушы әрбір күйдің шығу тарихы, мазмұны жайлы қысқаша түсініктемелер беріп отырды.
Бұл, біріншіден, ол кісінің аздап тыныстап алуына мүмкіндік жасаса, екіншіден орындаушының өз үнінің де таспада қалғанын жөн көрдік. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, әлгі қассеталарды ертеңіне Мардан аға Алматыға өзімен бірге ала кетіп, Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының алтын қорына табыс етті.
Ағамыздың аруағы кешірсін, сол жолы Мәкең Қорқыт күйлерін кім жазып алған деген тұсқа өзін ғана жазып, менің аты-жөнімді мүлдем ұмытып кеткен сыңайлы. Мұны, сірә, тексеру қажет болар. Мәкең маған туыстық жағынан да қашық қашық емес, бәріміз де Жетірудан тараймыз. Мұның үстінде құдай қосқан қосағы Гүлстан маған апа болып келеді. Әйгілі Сәрке, Байқадам, Сейіл, батырлардың ұрпағы, яғни текті әулиеттің қызы екенін де айта кеткенім мақұл болар.
Өте жақсы, райлы кісі болатын. Сондықтан, Мәкең маған қиянат жасайды-ау деп ойламағаным рас. Әдетте, қайсы бір күй болмасын, оның туындыларының себебі, тарихы болары анық. Бізге жеткен, өзіміз үнтаспаға жазып алған барлық күйлердің де осындай тарихы бар екен. Бұл зертеушілер үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де аса маңызды. Біз осы сапарымызда соның бәрін қағаз бетіне де, үнтаспаға да түгел түсіріп алдық.
Мысалы, «Желмаяның желісі» деген күйін алыңыз. Мұнда желдей жүйткіген, шаршап-шалдығуды, еш тыныстауды білмейтін ерекше жаратылған жануардың екпіні, айшылық жерді алты аттар қарышты қадамы, иесіне деген адалдығы атойлап тұрғандай. Немесе, «Ұшардың ұлуын» алыңыз. Еліне елеулі, халқына қалаулы бір абыз ақсақалдың жалғыз ұлы сері болса керек. Сол аң аулау сапарында киелі аңның киесіне ұшырап, қапылыста қаза табады. Араға бірнеше тәулік салып, «Ұшар» есімді тазысы жалғыз оралып, киіз үйдің табалдырығын тырналап, аянышты, мұңлы үн шығарады. Зерделі кісі баласының мерт болғанын бірден сезіп, былайша аңырайды:
Аман тұрғанда ай-күнім,
Жалғызымнан айырылдым.
Не жаздым екен құдайға
Қанатымнан қайырылдым.

Ұшар-ау, сенің ұлуың,
Жан-дүниемді қозғады.
Мерт болды деп қыршыным
Боз тигендей боздады.
Қорқыт бабаның «Әуіпбай, Әуіпбай» атты күйі де 62 тамырыңды иітер өте мұңлы әуен. Ұлы сазгер кілемін жайып тастап, дария үсімен қобызын сарнатып бара жатқанда өзен жағалауынан әбден қалжыраған, өзі аш балалы әйелді көзі шалып қалады. Шырылдаған нәрестесін емізейін десе, емшегінен бір тамшы да сүт таппай қиналған анаға қарата Қорқыт ата:
Қиналдың-ау, балам-ай,
Бөпеңе көңілің салаң-ай.
Зар жылайсың безгектеп,
Емізуге сүт таба алмай.

Айтқанымды менің істейсің,
Судан қанып ішкейсің.
Дария суы нәр берер,
Бойға қуат, әл берер,
Осылайша, қарағым,
Аш нәрестең де әлденер, –
деп әлгінің үзіліп бара жатқан үкілі үміті қайта тірілткендей болады.
Бізге жеткен «Тарғыл тана» атты туындысы да кейбір қаныпезер жандардың табиғатқа, оны мекендеген жан-жануарларға деген қатыгездігін, жауыздығын әшкерлейді. Аталмыш күйдің өн бойынан:
Менің затым Тана еді,
Қарадан туған ала едім.
Өсіп-өнген мекенім,
Кен жазира дала еді.

Кезінде мен де дара едім.
Әділетсіздікке нала едім.
Қасқырдан емес ақыры,
Адамнан болды-ау ажалым.

Жол торылдаған қаскөйдің,
Құдай берсін сазайынү
Арманда кетіп барамын,
Қош аман бол, Қазалым –
деген жүрек сыздатарлық мұңлы сарынын естігендей боламыз.
Қорқыт бабаның қайсы бір күйін тыңдасаңыз да, осындай мұңлы әуенге елітіп, ауыр күй кешеріңіз ақиқат. Мұның өзі ізгілік пен зұлымдықтың қашаннан қатар жүретіндігін, сақ болмасаң, әп-сәтте-ақ ажал құрығына қалуың да ғажап еместігін ескерткендей ой түйесіз.
Қорқыт күйлерін үнтасапға жазып алушылардың тізімінде мүлдем болмауым мен үшін тосын да, түсініксіз жай болып тұр. 1999 жылы басылып шыққан Қорқыт ата атты энциклопедиялық жинақта бұл Қорқыт ата туындыларын Мақаш Тәтімовтің тапсырмасымен Мардан Байділдаев жазып алған деген жолдар ұшырасады.
Өздеріңіз білесіздер, 1999 жылы 5-7 қараша күндері аралығында осы Қызылордада «Қорқыт және түркі әлемі» атты ғылыми-практикалық конференция, «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» деген атауымен халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі болып өтті. Мұның алдында да қорқыттанушылардың басқосулары болды. Өкінішке қарай мен олардың бірде-біріне шақырылған емеспін. Сонда қалай, бейнетті біреу көріп, абыройды өзгелер иленуі керек пе?
1996 жылы «Заман Қазақстан» газетінің 7-маусымындағы санында менің «Қорқыт күйлері қалай табылған еді?» деген мақалам жарияланған еді. Бұл бізге ғана емес, күллі түркі әлеміне тарайтын газет емес пе? Сірә, кітапты құрастырушылар кезінде оған зер салмаған болар. Әйтпесе, олқылыққа әу бастан жол берілмес еді ғой. Қазіргі таңда бұлтартпас құжат болмаса немесе хатқа түспесе, өзіңнің кім екеніңді дәлелдеу де қиындап барады ғой.
Мен де осылайша ұзақ жылдар бойы екіұдай күй кештім. Бірақ, Қорқыт күйлерін қайта тірілтіп, азаматтық іс атқарғаным имандай шындық. Мұны кез-келген уақытта нан ұстап, құран ұстап тұрып батыл айта аламын. Осы сәт ерекше құрмет тұтар ағамыз, филология ғылымдарының докторы, профессор, сүйікті ұстазым, белгілі түрколог ғалым Әуелбек Қоңыртаевтың ағынан жарылып айтқан мына бір сөзі еріксіз ойға орала береді. «Сен өзге әріптестеріңдей емес, халқымыздың көне мұраларын көп насихаттап жүресің. Әсіресе, Сыр сүлейлерін жарқыратып көрсетудегі еңбегің ерекше. Саған ел риза, әруақ риза, шырағым. Бұл аз олжа емес, әлбетте. Ал, Нышан абыздың орындауында Қорқыт күйлерін жазып алып, ұлы бабаны қайта тірілтуің – ерлікке пара-пар тірлік. Басқасын былай қойғанда, осы еңбегіңмен-ақ сенің тарихта қаларың ақиқат», – деген еді, жарықтық.
Әлбетте, мен тарихта қалу үшін тер төккенім жоқ. Бабаларымыздың әруағы, рухы разы болсын деп көне мұраларға көбірек ден қойғаным рас. Бұл үшін маған ешкім де қаламақы төлеген емес. Әуекеңнен өзге кісілер рахметін де айтқан жоқ. Тіптен мынауың дұрыс болған екен деп қызығушылығын да танытпады. Мейлі ғой, бұған өкпелеуге болмас деп ойлаймын.
Жасым 80-нің сеңгіріне таяп қалса да мен ешқашан да өзімді өзім жарнамалап, еңбегімді пұлдаған емеспін. Әл-қадірімізше ел-халыққа пайдалы, шарапаты тиер іс атқардым. Көп дүниелеріміз Қазақ радиосы мен облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының алтын қорында сақтаулы тұр.
Облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығын дамыту орталығы шығарғалы жатқан «Қайталанбас дауыстар» атты музыкалық антологияға осы дүниелердің көпшілігі енгізілмекші. Олай болса, көп жылғы еңбегіміздің босқа кетпей, кәдеге жарағаны. Бұған да шүкіршілік етеміз.
Бүгінгі мінберді пайдалана отырып, осы басқосуға арнайы шақырып, ой-пікір бөлісуге мүмкіндік жасаған білікті басшы, талантты ғалым Берік Жүсіпов ініме шын пейіліммен ағалық алғысымды білдіргім келеді. Артық айтқандығым болмас, ол білімдарлығымен де, ойының тереңдігімен де, бүкіл бітім-болмысымен де руханият үшін жаратылған жан. Ал, ғалымдығы өз алдына бір төбе.
Оның қарымды қаламынан туындаған ойлы, тұщымды туындылары менің кітап сөрелерімді ажарлап-ақ тұр. Берік інім «Адырна» деп аталатын соңғы зерттеу кітабында Қорқыт күйлерін қайта тірілткен кім еді? - деген сауалға бұлтартпас дәлелдермен толық жауап берген сыңайлы. Сондықтан, мұны ары қарай қазбалай берудің жөні жоқ деп есептеймін.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, Сыр бойында Қорқыт күйлерімен өзектес өзге де мұңлы әуендер баршылық. Солардың бірі Тоқжанның «Гөй-гөйі» дер едім. Бұл кісіні кей біреулер Жетірудың Телеу руынан десе, екіншілері Қожа жұртынан дегенді айтады. Қайткенде де осы Сыр өңірінде өмір сүрген өнер иесі. Бұл кісі де ес білмей жатып, шешек ауруына душар болып, әз болып қалады. Мұны өзінің мына бір сарнауынан-ақ айқын аңғаруға болады.
Құдайым көзімді алдың көрмесін деп,
Азырақ өнер бердің өлмесін деп.
Құранның қай аятында жазылды екен,
Ғаріпке қайыр-садақа бермесін деп...
Мен бұл әуенді сол 70-жылдары бұрынғы Тереңөзек ауданы Қараөзек ауылының Төрттам деген малшылар қыстауында тұрған белгілі жырау, 80-нің сеңгіріне шыққан Мұхамедияр Жабағиев есімді ақсақалдан жазып алған едім. Айтары жоқ, өте мұңлы дүние. Ұмытпасам, 80-жылдардың көлемінде өзіміздің жерлесіміз, дарынды жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтың Арал проблемасына арналған «Апат» трагедиясын сахналайтын болып, соны қандай музыкамен ашамыз деген мәселе туындады.
Бір күні менің қызмет кабинетіме талантты суретші, әрі ақын, жыршы Қайырбай Зәкіров інім келіп, әлгі Тоқжанның «Гөй-гөйін» тыңдағысы келетін айтты. Жұмысбасты болып жатсам да, бастан-аяқ тыңдатып, жеке кассетаға көшіріп бердім. Ақын ініміз Асқар Кіребаев «Теңізбен қимай қоштасу» деген жыр жазған екен. Сол әуенді пайдаланып, режиссерлер әлгі «Апат» трагедияның беташарын осы мұңлы әуенмен ашты. Нәтиже керемет болды.
Міне, өнер құдіреті қандай десеңізші! Жалпы Тоқжанның «Гөй-гөйі» де арнайы зерттеуді қажет етіп тұрған өте құнды дүние. Кезінде Қорқыт бабаның баға жетпес бай мұралары мен шығармашылығын және әфсаналарын жан-жақты зерттеп, өте құнды пікірлер қалдырған орыс ғұламасы В.Жирмунский: «Сыр бойында Қорқытты ұлықтаудың мыңжылдық тарихы бар» деп бекерге айтпаса керек.
Бүгінгі бас қосуымызда соның заңды жалғасы іспетті. Қорта айтқанда, Қорқыттнама – ауқымы кең үлкен дүние. Әлі де болса тереңдей түсер, зерделей білер тұстары да ұшан-теңіз. Олай болса, іске сәт дейміз, ағайындар!
Ұлы бабаның кір жуып, кіндік қаны тамған атажұртына жиі-жиі бас қосып, осылайша емен-жарқын ой-пікірлер бөлісуді нәсіп еткей деп тілейміз, Жаратушы иемізден.

(Арадагер журналист А.Жанаевтың мақаласы 2011 жылдың 21-24 қыркүйегінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлесе өткізген халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында өткізілген ғылыми-теориялық конференцияға арнап жазылған. Мақала аталған конференция материалдары жинақталған «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты кітаптан алынды/.

Ахат ЖАНАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Қазақ радиосы мен теледидарының үздігі



25 шілде 2018 ж. 1 833 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области