ТАРБАҒАТАЙДАН АЛТЫН АДАМ ТАБЫЛДЫ
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай тауларындағы Елеке сазында археологиялық жұмыстар нәтижесінде 2 нысаннан алтын заттар табылды, - деп хабарлайды Abai.kz Алтайньюске сілтеме жасап.
Болжам бойынша, бұл көне жәдігер б.з.д VIII-VII ғасырларға жататын бекзадалар мен ханшайымдарға тиесілі заттар болуы мүмкін.Әсіресе, әйелдердің алтын әшекейлері, моншақтар мен киімдеріне арналған жапсырмалар және қапсырмалар өте көп табылған. Сонымен қатар алтыннан соғылған ат әбзелдері де бар.
Қазір археологиялық жұмыстар нәтижесінде 3000 ға жуық алтын бұйым анықталған.
Айта кету керек, 2016 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысында «Көне қазыналар» атты жоба аясында археологиялық қазбалар мен ғылыми зерттеу жұмыстары басталған.
Қазба жұмыстары еліміздің жетекші археологтары Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев және Карл Байпақов жетекшілігімен жүргізіліп келеді.