"МЕКТЕПКЕ ЖОЛ" ЖАЛПЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ БАСТАЛАДЫ
Облыста 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы басталмақ. Аталған шара биыл 10-шы рет ұйымдастырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов мәлімдеді.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Шаризат Алмашова және Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесі бастығы Ғалымжан Нығметов қатысты.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ішінен оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауын алдын алу үшін көмек көрсету акцияның басты мақсаты.
Бүгінде «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсетуді қажет ететін балалардың тізімі әзірленуде. Аталған тізім бойынша балалар әрбір мекемеге бекітіледі, «қауіпті топ» балаларын анықтауға байланысты рейдтік шаралар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, «Балаға мейірім сыйла!», «Бар жақсылық балаларға», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: балаларды мектепке дайындаймыз» атты қайырымдылық акциялары өтеді. Сондай-ақ, алыс елді мекендерде мектеп формасы мен құрал-жабдықтарының жылжымалы жәрмеңкелері ұйымдастырылады, сенім телефондары мен жедел байланыс желілері үздіксіз жұмыс жасайтын болады.
Жалпы, облыс бойынша 2016 жылы барлығы 28 мыңға жуық көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына көмек көрсетілсе, 2017 жылы 21 608 балаға көмек көрсетілді. Айта кету керек, жаңа оқу жылында 18765 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Ал, облыста қолайсыз отбасыларында 2241, көпбалалы отбасыларында 34803, тұрмысы төмен отбасыларында 18749 мектеп жасындағы бала тәрбиеленеді.