БІЛІМ САПАСЫНЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Халықаралық мектептер кеңесі аккредитациясынан өтіп, халықаралық деңгейдегі білім сапасы расталды.
2017 жылдың 30 қыркүйегі күні Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне мектеп өмірі мен оқу үдерісінің ұйымдастырылуының халықаралық стандартқа сәйкестігін бағалау мақсатында әлемнің түрлі елдерінен халықаралық мектептер кеңесінің бір топ сарапшылары келді.
Сапар аясында Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Әзірбайжан, Германия, Венгрия, Катар және Ресейдің сарапшылары мектеп командасының жұмысымен танысты, мектеп қауымдастығының барлық мүшелерімен кездесті. Сараптама тобының мүшелері мектептің білім беру,тәрбие жұмыстары мен қаржылық, шаруашылық қызметіне толық талдау жасады. ТМД елдерінің командасы білім беру үдерісі мен мектеп өмірін ұйымдастыру деңгейіне баға берді. Сарапшылар сабақтарға, үйірме сабақтарына, спорттық секцияларға қатысып, мектеп асханасының мәзірімен танысып, мектеп оқушыларына медициналық көмек көрсету қызметімен танысты.
7 стандарт бойынша жұмыс топтарының мүшелерімен кездесулер өткізілді: мектеп өмірінің барлық аспектілерін қамтитын «Басшылыққа алынатын ережелер», «Оқу мен оқыту», «Басқару және көшбасшылық», «Қызметкер», «Оқу мен оқытудың қолжетімділігі», «Мектеп мәдениеті», «Ресурстық қамтамасыз ету» стандарттары бойынша және мектеп жұмысының 200-ден астам көрсеткішке сәйкестігіне бағалау жасады.
– Сапардың қорытындысы бойынша сарапшылар тобы мектептегі мұғалімдерді кәсіби дамыту, оқу мен оқыту сапасын жақсартуға мүмкіндік беру, әкімшіліктің сыртқы байланыстарды тарту арқылы оқушылардың білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету, оқушылардың көшбасшылығын дамыту жұмыстарына оң баға берді. Сараптама тобының мүшелері бір айдан кейін халықаралық аккредитациядан өтуге лайық деп есептеп, бағалау нәтижелерін жариялады. Бұл бүкіл ұжым еңбегінің жемісі, - дейді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматай.
Халықаралық аккредиттеу 4 кезеңнен тұратын өте күрделі үдеріс. Мектеп алдымен ХМК-мен бірлесе жұмыс жасауға ниет білдіріп, өтініш берді. Содан кейін «Аккредитацияға үміткер» мәртебесін алғаннан соң, мектеп өзінің қызметін белгіленген стандарттар мен көрсеткіштерге сәйкес бағалауға кірісті. Өзін-өзі бағалау бойынша жұмыс мектеп қауымдастығының толық қатысуымен жүргізілді. Өзін-өзі бағалау нәтижелерінің дұрыстығы мен сенімділігін халықаралық тәуелсіз сарапшылар тобы бағалады.
Халықаралық мектептер кеңесі (ХМК) білім беру саласындағы жоғары стандарттар мен жаңа жетістіктерді ілгері дамыту үшін құрылған әлемдегі ең танымал ұйым болып табылады. Бүгінгі таңда беделді клубтың әлемнің 109 елінен 667 мектебі, 490 университеті мен колледждері бар. Халықаралық мектептер кеңесі әлемдегі үздік 50 ЖОО-мен жұмыс істейді.
Қызылорда мектебінің дүниежүзілік деңгейдегі элиталық білім беру ұйымына кіруі түлектердің әлемнің үздік университеттеріне түсуіне мүмкіндік туғызып, халықаралық көрмелерге қатысу, білім беру саласында жоғары білікті мамандарды іздеу аясын кеңейте түседі. Қазақстанда қазірдің өзінде 7 Назарбаев Зияткерлік мектебі аккредиттелген. Оқу жылы ішінде тағы алты зияткерлік мектеп халықаралық аккредитациядан өтеді деп жоспарлануда. 2019 жылға дейін барлық мектептер аккредитациядан өтеді.