«МЫРҚЫ ИСАЕВТЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ел есінде сақталған аға буын перзенттерді кейінгі толқын – жас ұрпақтарға ұлағат етуді жүктегені белгілі. Осы ретте Сыр бойында кіндік қаны тамып, туған жердің өресін биікке көтеруге ынты-шынтымен атсалысқан жаны жаз, көңілі көктем жандар жетіп артылады. Солардың қатарынан көрінген СССР Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысында қырық жылға жуық баспасөзде жемісті еңбек еткен қоғам қайраткері, журналистика майталманы Мырқы Исаевтың туғанына 90 жыл толып отыр.
Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында «Мырқы Исаевтың рухани мұрасы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.
Онда Текей батыр, Аманжол ақынның ұрпағы, белгілі журналист, ақын, қоғам кайраткері Мырқы Исаевтың азаматтық тұлғасы, қайраткерлік қасиеті мен іскерлік қабілеті жете дәріптеліп, насихатталды.
Елімізге танымал тарихшы ғалымдар мен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері баяндама оқыған конференцияға Қорқыт ата атындағы университеттің ғалым-ұстаздары, облыс көлеміндегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары мен білім алушылары, ардагер-журналистер, Мырқы Исаевтың ұрпақтары мен туған-туыстары қатысты. Ал, шараны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес жүргізіп отырды.
Танымдық конференцияда Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтбай «Иса Тоқтыбаев – М.Исаев зерттеулерінде» тақырыбында, Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева «Мырқы Исаев поэзия жанрында» тақырыбында, Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек «М.Исаев – Текей батыр мұрасын алғашқы зерттеуші» тақырыбында баяндамаларын оқыды.
Сол күні Мырқы Исаевтың ұрпақтары қайраткер тұлғаға арнап ас берді.
Айта кетейік, Мырқы Исаев Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған. Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы жергілікті басылымдардың бас редакторлық қызметтерін атқарған. Баспасөзге жарты ғасырға жуық еңбегі сіңген қаламгер көркем әдебиет жанрына да қалам тартып, бірнеше кітаптарын оқырманға ұсынды. «Бір үзім нан», «Қарақұм», «Тың тағылымы» атты шығармалары жарияланып, оқырмандардың ықыласына ие болған. «Әбжылан құрсанған қылмыскер» атты деректі повесі кезінде ҚазақССР Ішкі істер министрлігінің сыйлығына ие болды. сонымен қатар, «Иса Тоқтыбаев» атты деректі-публистикалық повесі мен «Әз Тәукенің Текей батыры» атты тарихи-деректі повестінің және «Жүрек лүпілі» атты кітаптың авторы.